Ақтауда "Kazakh Tourism" АҚ жоғары сынып оқушылары үшін кәсіптік бағдар беру бойынша тур ұйымдастырды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Іс-шараға Маңғыстау облысының 3 ауданы мен 6 ауылынан 180 бала қатысуда. Кәсіптік тур 6 күнге жоспарланып, сәйкесінше, балалар 6 топқа бөлінген. Ақтауға жақын маңдағы ауылдардан келген балалар халықаралық теңіз сауда порты мен ҚазАзот, бекіре өсіру зауыты, сондай-ақ қаладағы жартасты соқпақ пен Ә. Кекілбаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайын аралады. Жоғары сынып оқушыларына арналған тур барысында профориентолог маманмен кездесу ұйымдастырылып, балалардың бейім мамандықтарын анықтауға да көмек көрсетілді.
- "Kazakh Tourism" АҚ ұйымдастырып жатқан бұл турдың мақсаты – жоғары сынып оқушыларына кәсіби бағдар беру. Әсіресе, өңірімізде тапшы техникалық мамандықтармен танысса деген ниетіміз бар. Өндіріс саласы – ел экономикасында үлкен маңызға ие. Егер оқушылар осындай кездесулер арқылы болашағына бағыт алар болса – біз үшін үлкен жетістік,- деді «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Туристік өнімдерді дамыту департаментінің менеджері Базарбек Қамысбаев.
Мектеп оқушылары турдың екінші күніндегі сапарын Ә. Кекілбаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайынан бастады. Олар өңір тарихын тыңдап, Тетис мұхиты мен Маңғыстауды мекен еткен ежелгі дәуір тайпаларының тыныс-тіршілігімен танысты.
Одан кейін ҚазАзот зауытына келіп, мұндағы жұмыс ретін білді. Сондай-ақ өндірістің қандай кезеңдер арқылы жүзеге асатыны туралы ақпарат алды.
– Мен осы кезге дейін ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болсам деп келдім. Ал бүгінгі турдан кейін менің ойым өзгерген секілді. Өнеркәсіп саласын көріп, өнімді сақтау, тасымалдау секілді процестерді білгеннен кейін техникалық мамандыққа оқуға түсуге көңілім ауды,- деді Ғ. Айдаров атындағы №1 мектеп лицейінің оқушысы Мұса Берекет.
Зауыттан кейін туристер бекіре өсіру фермасында аялдады. "Қызыл балық" атанған бекіре балығын өсіру, тұқымдас балықтардың түрлері туралы ақпарат алмасып, өз әсерлерімен бөлісті.
- Бүгінгі кездесу менің есімде қалатыны сөзсіз. Ең алдымен осы мүмкіндікті берген "Kazakh Tourism" компаниясына, мектеп әкімшілігіне алғыс айтамын. Маңғыстаудың тарихы, мұндағы өндіріс зауыттары мен бекіре фермасы туралы көптеген пайдалы ақпарат білдім. Мәселен, мен осы кезге дейін жолда өтіп бара жатып, зауыттарға қызыға қарайтынмын. Ал бүгін ҚазАзот зауытына келіп тұрмын. Болашақта ақпараттық технологиялар саласында қызмет етемін. Оқу орнын аяқтап, маман атанғаннан кейін осы жаққа оралып жұмыс істегім келеді,- деді турға қатысушы Амина Еділ.
Айта кетейік, 9-11 сынып оқушыларына арналған кәсіптік тур 23 қазан мен 1 қараша аралығында жалғаспақ.
Роза Әділханқызы