Ақтау гарнизонындағы теңіз жаяу әскерлері құрамасының спорт кешенінде «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының ауыспалы кубогы үшін армиялық қоян-қолтық ұрыстан чемпионат өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Ақтау гарнизонының баспасөз қызметіне сілтеп.
Чемпионатқа Ақтау, Ақтөбе, Орал, Атырау және Бейнеу гарнизондарынан 9 салмақ дәрежесінде 90-ға жуық әскери қызметші қатысып, бақ сынасты.
– Армиялық қоян-қолтық ұрыс – Қарулы күштердегі ең танымал спорт түрі ғана емес, сонымен қатар әскери қызметшілер үшін жауынгерлік дағдыларын арттырудың, дене шынықтыруды жетілдірудің, моральдық-психологиялық тұрақтылықты нығайтудың тиімді құралы. Жарысқа қатысушылар жекпе-жектің үздік техникасы мен дайындықтың жоғары деңгейін көрсете білді, – деді теңіз жаяу әскерлері құрамасының штаб бастығы майор Сапаралы Қазақбаев.
Армиялық қоян-қолтық ұрыстан жалпы командалық есепте теңіз жаяу әскерлері құрамасының гвардия майоры Мерей Мұқатаев басқарған құрама командасы жеңімпаз атанды. Үш бірдей алтын медальді жеңіп алған олар «Батыс» ӨңҚ әскерлері қолбасшысының ауыспалы кубогын иеленді. Өз салмақ дәрежелерінде мерзімді қызметтің әскери қызметшілері қатардағы жауынгерлер Бексұлтан Естеғұл мен Денис Балюктің жеңімпаздар қатарынан көрінгенін де айта кету керек.
Төрешілердің шешімімен жүлделі екінші орын 41433 әскери бөлімінің командасына бұйырса, 30238 әскери бөлімінің спортшылары үшінші орынды місе тұтты.
Чемпионат жеңімпаздары мен жүлдегерлері грамоталармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.