
Ақтауда бүгін облыс әкімдігі мен Өзбекстан Республикасының Ақтау қаласындағы Бас консулы, «UZTRADE» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары және «UZKAZTRADE» Қазақстан - Өзбекстан сыртқы сауда компаниясының Басқарма Төрағасымен кездесу өткізді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Кездесу барысында екі ел арасындағы сауда мен тауар алмасу мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, маусымаралық кезеңдерге жеміс-көкөніс өнімдерін жеткізу және жергілікті жерде өндірілетін тауарларды Өзбекстан нарықтарына жеткізу мәселесі бойынша талқыланды.
Сонымен қатар, бұл жиынға мемлекеттік органдар мен арнайы шақыртылған кәсіпкерлер қатысты. Оның ішінде кәсіпкерлік және сауда, индустриалдық- инновациялық даму, ауыл шаруашылығы басқармаларының басшылары, Ақтау қаласы және Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасарлары, облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшының орынбасары, «Каспий» Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары және облысымыздағы жергілікті өндірушілер, көтерме жеткізушілер, ірі сауда желілері бар.
Жиын соңында облыс әкімінің бірінші орынбасары Жұмабай Қарағаев делегация өкілдерін жеке қабылдап сөз сөйледі.
- Жалпы Маңғыстау облысының Өзбекстан Республикасымен сыртқы сауда айналымы 2023 жылдың қаңтар-қараша айында 12,2 млн.АҚШ долларына жетті. Оның ішінде экспорт 8,6 млн АҚШ долларын құраса, ал импорт 3,6 млн АҚШ долларын құрайды. Сондай-ақ, Маңғыстау облысында өзбекстандық капиталдың қатысуымен экономиканың түрлі салаларында 120 кәсіпорын тіркелген, - деді Жұмабай Қарағаев.