Ақтауға Наурыз мерекесіне орай 19 наурыз күні Тегераннан екінші чартерлік рейспен туристер келді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Былтыр алғаш рет «Тегеран - Ақтау - Rixos Water World Aktau» бағыты іске қосылған болатын. Тегераннан Ақтауға чартерлік рейстердің екінші легі - туристік бағыттар саласындағы табысты жұмыстың жалғасы.
Иранда Наурыз мейрамы 20 наурыздан басталады. Бұл біздің еліміздегі Наурыз мерекесімен сәйкес келеді. Иранда Наурыз мерекесі ұлттық салт-дәстүрлер кеңінен көрсетілетін мәдени іс-шараларды ұйымдастыруымен өтеді.
- Былтыр біздің өңірге Тегеран-Ақтау бағыты бойынша көктемгі мерекені тойлауға бортта 197 жолаушымен 2 чартерлік рейс ұшты. Қонақтар Наурыз мерекесінде қазақ мәдениеті мен дәстүрлерімен танысты. Биыл чартерлік рейстер саны 3 есеге артты, ал жолаушылардың жалпы саны 870 адамға дейін жетеді деп жоспарланып отыр. Бұл туристердің қазақ мәдениетіне деген қызығушылығының артуын және елдер арасындағы туризм саласындағы ынтымақтастықтың нығайғанын дәлелдейді, - деді «Rixos Water World Aktau» қонақ үйінің өкілдері.
Осы бағыт бойынша жазғы маусымда чартерлік рейстерді жалғастыру жоспарлануда. Бұл өңірдегі туристік саланың дамуына өз септігін тигізеді. Сонымен қатар, Маңғыстау облысының Орталық Азиядағы туристік бағыт ретіндегі тартымдылығын айқындайды.