Бүгін Ақтауда «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы кезінде 325 түп ағаш отырғызылып, оған қала әкімі Ұлықбек Тналиев қатысты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бес аптаға созылады. Əр аптаның өзіндік атауы мен нақты мақсаты бар. Осы ретте қала әкімі Ұлықбек Тналиев осы науқан аясында қалада жасалып жатқан жұмыстарды айтты.
"Науқанның бірінші аптасы «Таза өлке» деп аталады. Осы аптада сенбіліктер ұйымдастырылып, қала бойынша санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілуде. Акцияның екінші аптасына «Киелі мекен» атауы берілді. Бұл күндері тарихи-мəдени ескерткіштер аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. 27 сəуірге дейінгі үшінші аптаға «Жасыл аймақ» тақырыбы қойылды. Бұл бағытта қалада жасыл желектерді көбейту бойынша жұмыстар атқарылуда. «Өнегелі ұрпақ» деп аталған апталық 4 мамырға дейін жалғасады. Қазақтың «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген аталы сөзі бар. Бұл бағыт жас ұрпақты көгалдандыру жұмыстарына баулуға арналған. «Мөлдір бұлақ» атауы берілген бесінші аптада теңіз жағасында тазалық жұмыстары жүргізілуі қажет. Барша қала тұрғындары мен жеке кәсіпорындарды экологиялық акцияға қатысуға және өлкеміздің тазалығын сақтауға шақырамын", - деді Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев.
Жалпы жыл басынан бері Ақтау қаласының аумағына 535 қылқан жапырақты, 431 жапырақты ағаш және 10 000 дана бұта отырғызылған.