© Архив
Құлсарыдан Бейнеуге келген әйелдің эвакуациялық пункт ретінде жабдықталған мектеп басшылығына шағымданған видеосы тарады. Instagram әлеуметтік желісінде жарияланған бейнежазбадағы әйелдің әрекеті желі қолданушыларының наразылығын тудырды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бейнежазбада әйел адам мектепке қоныстана алмайтынын айтып жатқанын байқауға болады.
Оқиға болған Бейнеудегі Күйкен орта мектебінің директоры Молдахан Малбасов мән-жайды баяндап берді.
«Жақында бір әйел бізге тамақ сұрап келді. Ол туыстарымен бірге тұрып жатқанын айтты. Алайда эвакуациялық пунктен тамақ сұрады. Мен оған осы уақытша паналау пунктіне келуді ұсындым. Алайда ол бас тартып, пунктегі жағдай тұруға жарамайтынын айтып, бізді видеоға түсіре бастады», - деді Молдахан Малбасов.
Мектеп директоры пунктте төсек-орыннан бастап жуынатын бөлмеге дейін барлық жағдай жасалғанын айтады.
"Біздің мұғалімдер мен менің әріптестерім мұнда барлық қажетті жағдай жасау үшін күндіз-түні жұмыс атқарып жатыр. Алайда, бұл әйелдің әрекеті бізге өте жағымсыз әсер қалдырды. Ол біздің еңбегімізді жоққа шығарғысы келді. Оның тек ұрыс іздеп келгені байқалып тұрды", - дейді ол.
Күйкен орта мектебінде 60-тан астам адам жатыр, олардың көбі әйелдер мен балалар. Мектеп әкімшілігі балаларға күнде шахмат ойнатып, көңілін көтеріп жатыр.