Ақтау әкімдігінде қала әкімі Ұлықбек Тналиевтің төрағалығымен қалалық штаб отырысы өтті. Жиында эвакуацияланған адамдардың орналастырылуы және қауіпсіздік мәселесі талқыланды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Отырысқа қала әкімінің орынбасарлары, қалалық прокуратура, қалалық төтенше жағдайлар басқармасы, қалалық полиция басқармасының өкілдері және жауапты бөлім басшылары қатысты. Қала әкімі жауаптыларға эвакуацияланған адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды.
-Қаладағы эвакуациялық пункттердегі азаматтардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында тәртіп мәселесін назарға алуды тапсырамын. Келіп жатқан адамдарды әлеуметтік санат бойынша бөлген жөн. Бірінші кезекте әйелдер мен балаларды орналастыру қажет. Әрбір эвакуациялық пунктте жауапты адамдар өз секциясы бойынша тәртіпті, тазалықты, қауіпсіздікті қадағалау керек. Эвакуацияланған азаматтарға арналған әдістемелік құрал жасақтау керек. Бұл құралда эвакуацияланған пункттердегі азаматтардың қауіпсіздігі үшін жасалатын нақты ережелер мен нұсқамалар болғаны дұрыс. Жалпы сауда саласындағы бағаның тұрақтылығын да тексерген жөн, - деді қала әкімі Ұлықбек Тналиев.