Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев 6ш/а орналасқан кәуапханаға шағымданған тұрғындармен кездесті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тұрғындар 6ш/а №39 тұрғын үйдің жанында орналасқан кәуапхананың мұржасынан жағымсыз иіс шығатынын айтты. Ақтау қаласының әкімі аталған мәселеге қатысты жауапты мамандарға тиісті тапсырма берді.
-Тұрғындардың денсаулығы – бірінші орында. Сондықтан ауаның түтінмен ластануын болдырмау керек. №39 тұрғын үй жанынан тұрғызылған кәуапхана иесіне нұсқаулар мен түсініктемелер берілуі тиіс. Сонымен қатар тексеруді және сараптама жұмыстарының жүргізілуін қадағалауды тапсырамын, - деді Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев.
Ал қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының өкілдері болса, тұрғындар шағым жазу керектігін айтты.
- Аталған мәселе бойынша тексеру және нұсқау беру үшін бізге тұрғындардың шағымы керек. Тексеру қорытындысы бойынша сараптама жүргіземіз. Сараптама негізінде кәсіпкерге түтін болдырмауға байланысты нұсқаулар беріледі. Егер кәсіпкер нұсқауларды орындамаса – оған нұсқауларды орындамағаны үшін айыппұл салынады. Кейін кәсіпкердің қызметін тоқтату бойынша сотқа құжаттар ұсынылады. ҚР Қылмыстық кодексінің 425-бабына сәйкес 230 АЕК көлемінде айыппұл салынады, - деді Ақтау қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Асима Жарылғасова.
Асима Жарылғасованың айтуынша, кәсіпкер түтін тазалайтын құрал сатып алуды жоспарлап отыр. Бұл қондырғы түтінді сүзіп, тазартады. Аталған құрылғы түтінді үш кезеңнен өткізіп тазалайды. Содан кейін түтіннің иісі мұндай болмайды деп күтілуде.
- Сіздер шағым түсіргеннен кейін, аталған кәуапханаға санитарлық-эпидемиологиялық тексеру жұмыстары жүргізіледі. Басқа да сауалдарыңыз болса, «Маңғыстау облысы әкімдігінің телеграм чатына» жолдауларыңызға болады. Жауапты мамандар сол жерде тиісті жауабын жазады,- деді қала әкімі.