Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев «КЖСА» МКК өкілдерімен және тұрғын үй инспекциясының мамандарымен тұрғын үйлердің жертөлесіндегі жылу тораптарын тексеруде, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қала әкімі бастаған топ 12, 27, 19А ш/а тұрғын үйлердің жертөлесіндегі жылу тораптарын тексерді.
- Тұрғын-үйлердің астында бұрын коммерциялық нысандар болған жоқ. Ал қазір көпқабатты үйлердің астында қосымша салынған коммерциялық нысандар көбейіп кеткен. Сондықтан олар тұрғын-үйдегі пәтерлерге жылу беруге кедергі келтіріп отыр. Себебі тек тұрғын үйге ғана қарастырылған жылу желілеріне қосымша салмақ салып жатыр. Қазір жылуды артығымен пайдаланып отырған тұрғын-үйлерден, нысандардан артық жылуды жылу жетіспеушілігі туындаған тұрғын-үйлерге жіберу жұмыстары және тұрғын-үйдің жертөлелеріндегі жылу тораптарында реттеу жұмыстары жүргізілуде, - деді қала әкімі Ұлықбек Тналиев.