Қатты аяздың салдарынан Каспий теңізінің кейбір бөліктерін мұз басты. Ақтау қалалық төтенше жағдай басқармасы қызметкерлерінің айтуынша, адамның қауіпсіз қозғалысы үшін мұздың қалыңдығы кем дегенде 10 сантиметр болуы керек, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазіргі таңда теңіз жағалауын 2 саниметр мұз басты, бұл адам салмағын көтере алмайды. Ақтау қалалық төтенше жағдай басқармасы ауа райының күрт өзгеруіне байланысты тұрғындардан қауіпсіздік ережелерін сақтауды сұрайды:
1) мұзға жеке немесе топпен шығуға болмайды;
2) көлікпен мұзға шығуға болмайды;
3) балаларды қараусыз қалдырмаңыздар.
Сонымен қатар, мамандар су айдындарында қауіпсіздік ережелерін бұзған азаматтарға ҚР әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 412 және 364-баптары бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын ескертеді.