
Ақтауда «Бақытты әйел – бақытты қоғам» атты аналар форумы өтті. Шараға Ақтау мен Мұнайлы ауданынан келген көп балалы аналар, әлеуметтік және коммуналдық шаруашылық салаларында еңбек етіп жүрген әйелдер мен аналар кеңестерінің мүшелері бар 200-ден астам нәзік жандылар қатысты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Студент кезінде жол апатына ұшырап, екі аяғынан бірдей айырылса да, алға ұмтылып, бүгінде кәсіби спортпен айналысып жүрген Қазақстан паралимпиада құрамасының мүшесі Айсұлу Сүлейменова, белгілі қаржы сарапшысы, бизнес тренер Шолпан Түсіпбекова мен «Күміс алқа» иегері, қыз-келіншектер менторы Жансая Сабанбай маңғыстаулық аналарға жетістікке жету мен сәтсіздіктен қашудың жолдарын ұсынып, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Форум спикері алты баланың анасы Жансая Сабанбай әйел адамның қоғамдағы және отбасындағы миссиясы және қазіргі қоғамдағы мүмкіндіктері туралы сөз қозғады. Бала тәрбиесіндегі әке мен ананың маңыздылығын айтты. Отбасын сақтап қалудағы өз тәжірибесімен бөлісті.
Ал, белгілі қаржы сарапшысы, бизнес тренер Шолпан Түсіпбекова отбасы бюджетін басқарудың тетіктері туралы баяндап, қаржыны сауатты жұмсаудың және табысқа жетудің жолын айтып берді.
Астанадан арнайы келген форумның қонағы Волейбол мен жеңіл атлетикадан Қазақстан паралимпиада құрамасының мүшесі, «Шапағат» мемлекеттік сыйлығының лауреаты Айсұлу Сүлейменова бүгінгі жеткен жетістігінің құпиясымен бөлісті.
-Өмір – маған берілген үлкен мүмкіндік. Мен сол мүмкіндікті жіберіп алмауым үшін алдыма мақсат қойып, күнде ойымды да, денемді де жаттықтырамын. Әрбір сәтіме шүкіршілік айтып, алға ұмтыламын. 10 жастағы ұлым бар. Ұлыма саналы ұрпақ болып өсу үшін де оған үлгі болуым керек деп өзімді қамшылап отырамын. Алдыма үлкен мақсат қойып отырмын. Келесі жылы Парижде өтетін паралимпиадада чемпион болып, Қазақстанның мәртебесін арттырсам деген жоспарым бар, деді Айсұлу Сүлейменова.
Форумға қатысушы әйелдер шара қонақтарына көкейдегі сауалдарын жолдап, өздеріне қажетті пайдалы ақпараттарға қанықты. Шара соңында Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Нұртас Сали мотиваторларға алғысын айтып, естелік сыйлықтар табыстады.
Айта кетейік, аналар форумы Ақтау қалалық әкімдігі мен Ақтау қаласы әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның және «Саламатты ел» қоғамдық қорының мұрындық болуымен ұйымдастырылды.




