Бүгін Түпқараған ауданына қарасты Ақшұқыр ауылында ашық ойын алаңы мен воркаут алаңы ел игілігіне пайдалануға берілді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тұрғындардың өмір сапасын арттыру, салауатты өмір салтын қалыптастыру, балалардың, жастардың бос уақытын тиімді өтуіне ықпал ету мақсатында салынған ойын және воркаут алаңдары барлық керекті заттармен жабдықталған. Сонымен қоса жарық шамдар мен тынығып отыруға жағдай жасалған.
Ойын алаңының ашылу салтанатына қатысқан Түпқараған ауданының әкімі Рахат Елтизаров тұрғындарды жаңа алаңмен құттықтады.
- Бүгін, міне, ауданымызда тағы бір ойын алаңы тұрғындардың игілігіне берілді. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы жолдауында бұқаралық спортты дамытуға баса назар аудару керектігін айтады. Президентіміздің бұл саясатын жүзеге асыру мақсатында ауданда да бірнеше жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жаңа алаңмен құттықтаймын, осы бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастыра беретін боламыз,- деді аудан әкімі.
Ауыл тұрғындары да қуанышын жеткізді.
- Ауылымызда осындай заманауи алаң салынғанына қуаныштымыз. Балаларымызға жақсы болды. Осындай ойын алаңы көптеп салына берсе деген тілегіміз бар, - дейді ауыл тұрғындары.