Қаракөл көлінде аққулардың жаппай қырылуына байланысты экологиялық заңнаманың сақталуына жоспардан тыс тексеру жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Kazinformға сілтеме жасап.
- Тазарту және тұшыту қондырғыларынан Қаракөл көліне су жіберу жөніндегі жобаны келісуге қатысты 2020 жылы орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті «Sembol Constuction and Engineering» ЖШС ұсынған жобаны мақұлдады. Оларға ҚР Заңының «ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» талаптарын сақтау міндеттелді, - деп түсіндірді экология министрлігінде.
Сонымен қатар, Маңғыстау облысының экология департаменті төгу нормативтерін сақтау бөлігінде экологиялық заңнаманың сақталуына жоспардан тыс тексеру жүргізіп жатыр.
Әлеуметтік желіде Экология министрлігінің орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бұрынғы басқарма басшысының видеосы тарады. Ол видеода Rixos қонақ үйінен Қаракөл көліне тазартылған суды төгу жобасына үзілді-кесілді қарсы болғанын айтады. Десе де құжатқа қол қойылған.
Еске сала кетейік, мамандар зерттеуінің нәтижесінде Қаракөл көліндегі аққулардың құс тұмауынан өлгенін анықтады. Желтоқсан айының 21-інен бері 800-ден астам құс өлген.