Жаңаөзен қаласында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдер арасында волейболдан жарыс өтті. Спорттық бәсекеде Атырау, Ақтөбе, Ақтау Орал, және Жаңаөзен қалаларынан келген 6 команда - барлығы 60-қа тарта спортшы бақ сынады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Спорттық жарыстың ашылу салтанатында 5548 әскери бөлімінің командирі подполковник Санат Табетов сөз сөйлеп, әскери қызметшілердің арасында спортшылардың шеберлігін шыңдау өте маңызды екенін айтты.
Екі күнге созылған жарыстың қорытындысы бойынша Орал қаласының 5517 әскери бөлімінің командасы бірінші орынға қол жеткізсе, екінші орынды Ақтау қаласынан келген 6656 әскери бөлімінің ойыншылыры иеленді, ал үшінші орынды Жаңаөзендегі 5548 әскери бөлімінің командасы қанағат тұтты. Жеңімпаз-жүлдегерлер кубок, грамота, бағалы сыйлықтармен марапатталды.