© Фото предоставлено институтом гидробиологии и экологии
Қыс айы итбалықтар үшін өте күрделі өтеді, өйткені бұл кезең олардың көбейетін кезеңі. Күз айында теңіз итбалықтары түгелдей солтүстікке бағыт алады, ал су бетіне мұз қата бастағанда оларда популяция жүріп, Солтүстік Каспийге қарай топтасады. Олар күшіктеуге дайындалып, су бетіне біртіндеп көтеріліп, жұптасып тіршілік құрады. Алғашқы төлдеу оларда қаңтар айының екінші жартысынан басталып, ақпан айының соңында аяқталады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Туылған кезде күшіктерінің жүні әппақ болады, сол үшін қазақтар ақүрпек деп атайды. Салмақтары шамамен 3 кг, ұзындықтары 50 см құрайды. Өте дәрменсіз және анасына тәуелді болады. Бір ай мұз үстінде әлденіп, салмақ жинайды. Екі аптада 8- 12 кг жамап, 90 см -ге дейін өседі. Осы уақыттарда олар суға түсіп, тамақ аулай алмайды. Жыртқыш құстар мен жануарлар үшін оңай олжа болатын кезі де осы кез. Сондай-ақ мұзжарғыш кемелердің де олардың жанынан өтуі қауіпті келеді. Итбалық күшіктерінің кеме винттерінің астына түсіп өліп қалған жағдайлары жиі кездескен. Суда жүзе алатындай күшті болған кезде теңізге түседі. Оған дейін енесінің қасында өседі, емеді. Осы ретте айта кету керек, итбалық аналығының сүті өте құнарлы келеді.
«Анасынан бөлінуі күшіктердің өліміне немесе олардың дамуын тежеуге де әкелуі мүмкін. Климаттық жағдайлар итбалықтардың өміріне де қауіп төндіреді. Жылы қыста жұқа мұз жамылғысы ана мен күшіктердің салмағына төтеп бере алмайды да, оның ақыры күшіктердің суға батып, тұншығып өлуіне әкеледі. Қатты қыста күшіктер дөңес арасына қысылып, өліп қалатын жағдайлар да болды. Күшіктердің өлімі жел, толқын әсерінен ыққан дрейф пен мұз аралдарының соқтығысуы жағдайларынан да болуы мүмкін. Сондай–ақ итбалықтардың еріген мұздан да өлу қаупі бар», - дейді Гидробиология және экология институтының директоры Мирғали Баймұқанов.
2022 және 2023 көктемгі маусымдарда Түпқараған мен Бозашы түбегінің жағалауында итбалықтардың және күшіктерінің өлекселері табылды. Күшіктердің өлімінің барлық жағдайлары жоғарыда көрсетілген себептерге байланысты болуы мүмкін. Ғалымдар биылғы қыстың нақты қандай болатынын болжау қиын екенін атап өтті, бірақ қыс жылы болады деп болжам жасап отыр.
«Табиғи факторлардан өлетін итбалықтардың санын азайту мүмкін емес. Жағалауда немесе теңіз бетінде қалқып жүретін итбалық өлекселері болатыны сөзсіз. Бірақ антропогендік факторлардан өлімнің себептерін түсіну үшін зерттеулерді күшейту қажет. Бұл факторға жоғарыда айтылғандардан басқа – итбалық үйірлеріне кемелердің соқтығысуы және қысқы кеме қатынасынан мұз жамылғысының бұзылуы, тіршілік ету ортасының ластануы да себеп болуы мүмкін. Итбалықтардың қырылуына байланысты барлық мәселелер Каспий итбалығын сақтау жөніндегі іс-шаралар жоспарында белгіленген, ол тиісті уәкілетті органдармен келісу мен бекітуді күтіп отыр. Сондықтан қыста итбалықтардың қырылуын азайту үшін Солтүстік Каспийдегі олардың үйірінің жанында жүзуді шектеу және жануарлардың ықтимал өлімінің себептері мен мөлшерін, мұз жамылғысының жағдайын бағалау, яғни мұздың қалыңдығы, оның ауданын бақылау керек», - деп атап өтті Мирғали Баймұқанов.