Аққуларды азықтандыру идеясы Қаракөл көлінің бірегей экожүйесіне айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін. Бұл туралы Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясының ғылым жөніндегі директоры Сергей Скляренко мәлімдеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысының Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Сарапшы құстардың өлімінің әртүрлі себебі бар екенін айтып отыр. Құс тұмауы мен қоректің аздығы, улану. Өлімнің нақты себебін тек зертханалық зерттеу арқылы анықтауға болады. Мамандар қанаттылар құс тұмауынан өлген деген нәтиже шығарды, бұл қорытынды аштықтан өлу ықтималдығын жояды. Сарапшы Сергей Скляренко нақты нәтижені күткен дұрыс деп санайды, өйткені бұл жағдайда кешенді бағалау маңызды.
- Маңғыстауда ботулизмге байланысты үйректердің жаппай қырылу оқиғасы болды, бірақ аққуларға қатысты қорытынды жасауға әлі ерте. Қоныс аударатын құстардың алыс қашықтыққа жем іздеу қабілетін ескере отырып, құстардың дұрыс тамақтанбау нұсқасы екіталай болып көрінеді. Олар үшін жүздеген шақырым кедергі емес, бұл оларға өмір сүрудің оңтайлы жағдайларын таңдауға мүмкіндік береді. Егер Қаракөл көлінде аққулар қорек таппаса басқа жерге ұшып кетер еді, - дейді Сергей Скляренко.
Сарапшы құстарды тамақтандыру идеясы негізсіз деп санайды. Сондықтан қанаттыларды қолдан азықтандыру Қаракөл көлінің экожүйесіне аса қауіп төндіретінін айтады.
- Аққулар негізінен балдырлармен қоректенетінін ескерсек, Қаракөл көліне тамақ тасу дұрыс емес. Онда аққуларды тамақтандыру ақылға қонымсыз. Өйткені бұл судың ластануына және улануға, құстар мен экожүйеге зиян келтіруі мүмкін. Егер аққулар қатты аяз кезінде қатып қалса ғана, араласуға болады, мұндай жағдайда олар құтқаруды қажет етеді. Алайда, басқа жағдайларда көмек көрсету тиімсіз, - деді сарапшы.
Оның пікірінше, орнитологтардың мұқият зерттеулерінің және Үстірт мемлекеттік табиғи қорығының күшейтілген қорғауы ғана қанаттыларды құтқарып, Қаракөл көлінің экожүйесін сақтай алады.
- Бұл жағдайда вакцинация жасау мүмкін емес. Өйткені аққулар жабайы табиғатта қоныс аударатын құстар. Қалыпты алдын алу шаралары – су қоймасына кіруді шектеу және құс фабрикалары мен үй құстарының аулаларында қауіпсіздікті күшейту болады, - деп толықтырды сарапшы.