Мамандар өңірде үй жануарлары мен құстардың арасында өлім-жітім фактісі жоқ екенін, үй құстарында ауру белгілері байқалмайтынын айтады. Сол себепті карантин жарияланбаған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысының Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Бұл жөнінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Маңғыстау облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Темірбек Нұртазин мәлімдеді.
- Карантин құс еті немесе құс фабрикалары арасында өлім болған жағдайда заңнамалық деңгейде жарияланады. Мұндай жағдайларда мемлекеттік инспектор үй жануарлары немесе құстар арасында аурудың өршу ошағын эпизоотиялық тексеру актісі негізінде және зертханалық зерттеулердің оң нәтижесі кезінде ауылдық округ әкіміне карантин немесе шектеу қою туралы шешім шығару туралы ұсыныс береді. Үй құстары арасында өлім немесе ауру белгілері тіркелмегендіктен, елдімекендерде үй құстары арасында карантин қоюға негіз жоқ, - деп түсіндірді Темірбек Нұртазин.
Оның айтуынша, Маңғыстау облысында қазіргі уақытта 6 мың бас құс вакцинацияланған.
-Алайда, қазіргі аққулардың қырылуын ескере отырып, құс тұмауының үй құстары арасында таралуын болдырмау үшін қосымша вакцинация жүргізіледі. Оған тәуекел аймақтарындағы ауыл шаруашылығы құстарының барлық саны жатады. Қазір аймақтағы үй құстары арасындағы тұмаудың эпизоотиялық жағдайы тұрақты және біздің бақылауымызда, - деді Темірбек Нұртазин.
Айта кетейік Қаракөл көліндегі аққулардың жаппай қырылу себебін анықтау жұмысы әлі жалғасып жатыр.