Ақын, журналист, “Маңғыстау-Медиа” ардагері Рза Оңғарбай 74 жасында дүниеден өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Рза Оңғарбай Ахметұлы 1949 жылы 9 қыркүйекте Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Таушық поселкесінде туған. 1966 жылы Таушықтағы Шахта орта мектебін, 1974 жылы Атырау Мемлекеттік педагогикалық институтын бітірген.
1974- 2002 жылдар аралығында Атырауда, Таушық ауылында әкім, Ақтау қаласында Маңғыстау облыстық Ішкі саясат басқармаларда қызмет атқарған.
Сондай-ақ, облыстық «Маңғыстау» газетінде қызмет етті. «Таушықтың сансыз таулары-ай», «Дәніспан», «Әзілдесейік әлеумет» атты кітаптары жарық көрді. Сонымен қатар, поэзия аудармасы, афоризм және әзіл әңгімелер жазумен айналысты. Омар Һәйямның рубаяттарын аударып «Қандай нұрлы дидарың» деген атпен жеке кітап етіп шығарды. Сондай-ақ оның шығармалары бірнеше ұжымдық жинақтарға да енді.
«Маңғыстау-Медиа» ЖШС ұжымы атынан отбасы, жақындары мен туыстарына қайғырып көңіл айтамыз.