
© Gov.kz
Жаңа жыл қарсаңында сұлулық салондарына асығатын қыз-келіншектер саны артады. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық департамент өкілдері сұлулық салондарын таңдауда мұқият болу қажеттігін айтады. Өйткені кез келген процедурада жұқпалы ауруға тап болу қаупі бар, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Сұлулық салондарында жиі кездесетін аурулар тізімінде зең аурулары, герпес, стафилококк инфекциясы және С гепатиті бар. Егер сұлулық салонындағы маман процедура кезінде теріні жарақаттап алса немесе алдыңғы клиентпен жұмыс істеген құралдарды қайта қолданса – ауруды жұқтыру қаупі өте жоғары. Тіпті тырнақ ваннасы мен тырнақ егегіш, қолданылған ортақ тарақ арқылы да ауруды жұқтыру ықтималдығы артады.
«Санитариялық ережелердің талаптарына сәйкес косметикалық қызметтерді кемінде үш жиынтық болған кезде жүргізеді. Терінің, шырышты қабаттардың зақымдануы мүмкін манипуляцияның барлық кезеңдері клиент үшін қауіпсіздікті қамтамасыз етуі керек. Парентеральді гепатитттермен және адамның иммун тапшылығы вирусын жұқтырудың алдын алу мақсатында қолдың қанмен ластануы орын алатын барлық манипуляциялар резеңке қолғаппен жүргізілуі тиіс. Косметикалық манипуляциялар үшін пайдаланылатын құралдар әрбір клиенттен кейін биоқалдықтардан тазаланады, содан кейін дезинфекциялық ерітіндіге салынады. Дезинфекция аяқталғаннан кейін құралдар стерильдеу алдында тазартылып, кептіру шкафында кептіріліп, сосын стерильденуі керек»,- дейді департамент өкілдері.
Жақсы салон таңдау үшін аса байыптылық қажет. Мұндай орындарға барарда ұсынылатын қызметтің ақысына ғана емес, сапасы мен тазалығына да мән беріңіз. Әрбір келушіден кейін құралдар барлық санитариялық- гигиеналық және сантариялық эпидемияға қарсы ережелерді сақтай отырып, арнайы ерітінділермен өңделуі керек.