Маңғыстау ауданынан шыққан спортшылар ақпан айында жақсы нәтижеге қол жеткізді. Бұл туралы Ақтау қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі фейсбук парақшасында бөлісті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
20-21 ақпан күндері Минск қаласында самбодан ересектер арасында әлем кубогы өткен. Әлемдік додада Маңғыстау аудандық спорт мектебінің түлегі Рамазан Мамаев 62 келі салмақта қола жүлдені иеленді.
Ақтөбе қаласында 20-23 ақпан күндері гір тасын көтеруден ҚР Чемпионаты өтті. Кіші жасөспірімдер арасында 73 келі салмақ дәрежесінде сынға түсті. Маңғыстаулық гір спортшысы Дархан Бүркітбай 109 ұпай жинап, қола жүлдені қанжығасына байлады.
Ал 21-23 ақпан күндері маңғыстаулық джитсерлер Шымкентте өткен ел біріншілігіне қатысты. Нәтижесінде Қуандық Қонысов ересектер арасында джиу-джитсудан комбат систем бойынша қола жүлденің иегері атанды.
Сондай-ақ маңғыстаулық спортшылар самбодан 2004-2005 жылы туған жасөспірімдер арасында КСРО спорт шебері В.В.Папов және В.И.Бавенковты еске алуға арналған Халықаралық турнирде 2 алтын, 2 күміс, 1 қола жүлдені қоржынға салды. Аталған жарыс Қостанай қаласында 21-22 ақпан күндері өткен болатын.
12-16 ақпан күндері Ақтөбе облысы Шалқар қаласында бокстан 2006-2007 жылы туған жасөспірімдер арасында ҚР Батыс аймақтық чемпионаты өтті. Чемпионатқа қатысқан Маңғыстау аудандық спорт мектебінің спортшысы күміс жүлде иеленіп, «Спорт шеберіне үміткер» атағын алды. Сонымен қатар алдағы уақытта өтетін ҚР чемпионатына жолдама алды.
Ақпан айында құсбегілер де олжалы болды. Тұщыбек ауылының тумасы Айшуақ Тайманов жеңіс тұғырынан көрінді. Ол Петропавл қаласында бүркітшілер арасында өткен ұлттық жарыста чемпион атанса, құсбегінің шәкірті, Тұщыбек негізгі мектебінің 8-сынып оқушысы Әліби Қуанышқалиұлы қаршыға сайысынан 3-орын алды.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттер Маңғыстау спорты фейсбук парақшасынан алынды