24 ақпан күні Ақтау қаласында «Ақберені Адайдың» атты деректі фильмнің тұсаукесері өтті. Фильм көрнекті ғалым, әдебиеттанушы, ақын-жазушы Қабиболла Сыдиықұлына арналды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Фильмнің тұсаукесеріне жазушының әріптестері, замандас аға-інілері және жұбайы Гүлшат Омарқызы, ұл-қызы келді. Жұбайы Гүлшат Омарқызы деректі фильмнің тұсауын кескеннен кейін қалың көпшілікке көрсетілді.
Идея авторы, режиссер Алмас Алтай мен Бекзат Қосайдың айтуынша, Қабиболла Сыдиықұлы туралы фильмнің түсіру жұмыстары 2019 жылдың желтоқсан айында басталған. Осы уақытқа дейін ақынның жолдастары, әріптестері, жұбайымен тілдесіп, ғалым Қабиболла жайлы тың ақпараттармен танысқан. Деректі фильмнің негізгі мақсаты – ғылым жолында үздіксіз ізденген, өлеңді өмірімен байланыстырып, жазушылықты жанына серік еткен нар тұлғаны көпшілікке таныстыру. Салған дара жолы арқылы жастарды даналыққа, әдебиет пен сөз өнерінің қасиетін зерделей білуге шақыру.
Фильм «Өскен өңір», «Білім биігінде», «Ғылым қиясында», «Қызғыш құс», «Өттің дүние» деген кезеңдерді қамтыған. Деректі фильм барысында басты кейіпкердің балалық шағынан бастап, ғалымның ер жетіп, ғылым жолына бет бұрғаны бейнеленген. Әрі қарай Алатау бөктерінде өмірлік серігі Гүлшат Омарқызымен отасқан сәттерімен жалғасады. Сондай-ақ замандастарының өткен шақтағы тәтті естеліктерін еске алып, қызықты оқиғалары да дерікті фильмнен орын алады.
Көркем туындының алғашқы көрсетілімі аяқталған соң Г. Омарқызы шығармашылық ұжымға жылы лебіз бен алғысын айтты. Сонымен қатар Қабиболла Садиықұлының туыстары мен әріптес, достарына ризашылығын білдірді.
Шара соңында Түпқараған ауданының әкімі Айбек Қосуақовтың алғыс хатымен ұйымдастыру алқасының төрағасы Бақытжан Беков және үйлестіруші Спандияр Төлебаев және режиссер, монтажер Бекзат Қосай, журналист, режиссер Алмас Алтай марапатталды.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА