Ақтау қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 700-ге жуық оқушысы Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына орай бір мезетте «Көзімнің қарасы» әнін орындады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Білім ордасының оқушылары #Абай175 ән эстафетасын өңірдегі «Интеллектум» лицейінен қабылдаған.
«Көзімнің қарасы» әнін кез келген қазақстандық біледі деген ойдамыз. Эстафетаның шарттарын орындау мақсатында арнайы дайындық жүргізген жоқпыз. Бізге мектеп алдына шығып ән айтатындығымыз хабарланды. Үзіліс кезінде өлеңді бір емес үш рет айтып шықтық», - деді мектептегі Өзін-өзі басқару ұйымының президенті Рауан Ибрагим.
Оқушылар республика бойынша Абай шығармаларын насихаттауға арналған шараларға белсенді қатысып, ақын шығармашылығымен жақын танысуды мақсат етіп отыр. Сондай-ақ эстафетаны Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне, Қарақия ауданы, Жетібай кентіндегі №8 жалпы білім беру орта мектебі мен Форт-Шевченкодағы М.Горький атындағы мектеп-лицейіне жолдады.
Айта кетейік, Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің әкімшілігі ақынның шығармашылығын насихаттау мақсатында бірнеше шараларды өткізуді жоспарлап отыр.
«Білім ордасында Абай атамыздың 175 жылдығын тойлау мақсатында өткізілетін шараларды өткен оқу жылынан бастап жүргізіп келеміз. Биыл «Адамның бір қызығы бала деген» атты сахналық қойылымдарымызды отбасы мүшелерінің қатысуымен өткізуді жоспарлап отырмыз. Біз балалармен ғана жұмыс істемей, оның отбасы мүшелеріне де ойшылдың шығармаларын насихаттауды көздейміз», - деді мектеп директорының орынбасары Алтынзер Ихсанова.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суретті Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі ұсынды