2020 жылы жалпы сомасы 5,2 млрд теңге болатын 4 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Бұл туралы қоғамдық коммуникациялар орталығында өткен брифингте Маңғыстау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Қалдығұл мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Басқарма басшысының айтуынша, биыл «Байсырымов» жылыжай кешені жаңартылады, «АқтауАгро» құс фабрикасы, түйіршіктелген құрама жем өндіретін «Жамалбек» зауыты және «Астық» жылыжай кешенін кеңейту жұмыстары аяқталады.
«Қазіргі таңда агроөнеркәсіптік кешені саласындағы инвестициялық жобалардың құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. «Жамалбек» ЖШС іске қосылса 15 мың тонна жем өндіретін мүмкіндік бар. Ал «Астық» жылыжай кешенінен 200-ден 2400 тоннаға дейін өнім алуға болады. Аталған жылыжай 1 гектарға егін егіп, өз жұмысын жүргізуде. 2021 жылға дейін «Астық» жылыжай кешенін 6 гектарға дейін ұлғайту жоспарланып отыр», - деді Серік Қалдығұл.
Биыл «АқтауАгро» құс фабрикасының құрылыс жұмыстары аяқталды. Алайда инфрақұрылым мәселесі толық шешім таппаған. Егер мәселе өз шешімін тапса, құс фабрикасы жылына 5000 тонна өнім өндіреді.
«АқтауАгро» құс фабрикасының сою пунктіне толыққанды тоқ көзін тартылған болатын. Аталған жұмыстар «Тоталь Е энд П Дунга Гмбх» компаниясынан «АқтауАгро» ЖШС құс фабрикасына тоқ тарту келісімі бойынша орындалды», - деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы С.Қалдығұл.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН