Бүгін Мұнайлы ауданы «Басқұдық» сауда орталығында өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы мен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ қызмет көрсету бұрышы ашылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Халық игілігіне жарайтын қызмет бұрыштары мемлекеттік қызмет істері депараменті пен Мұнайлы ауданы әкімдігінің бастамасымен және жеке кәсіпкер Ерболат Айтжановтың қолдауымен жасалған.
- Мемлекет басшысының қызметтерді электронды түрде алу бойынша тапсырмасын халыққа насихаттауды, оны жүзеге асыруды мақсат еткен ұйымдастырушыларға алғысымызды білдіреміз, - деді департамент басшысы Н. Жанназарова жылы лебізін білдірді.
Енді аудандық сауда орталығына келушілер халыққа қызмет көрсету орталығына бармай-ақ, осы жерден бірқатар қажетті қызмет түрлерін ала алады. Тұрғындар бұл орында зейнетақы қоры салымшысы қаражатының түсуі туралы ақпарат, жылжымайтын мүлкі бар жоғы туралы анықтама, несие тарихы туралы және т.б. қызмет түрлерін ЭЦҚ немесе бір реттік құпиясөз арқылы ала алады.
Қызмет алушылардың уақыттары мен жол шығындары үнемделіп, цифрлық сауаттылығы арта түсері анық.
Айта кетейік, бүгінге дейін облыс бойынша 400-ге жуық қызмет көрсету бұрышы ашылды. Ал Мұнайлы ауданында бұл 42-ші қызмет көрсету бұрышы.