Бұл туралы Маңғыстау облысының әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ақтау қаласының мәдени-демалыс орталығында Абай жылының салтанатты ашылуы кең көлемде өтті. Рухани шараны "Құрмет" орденінің иегері Светқали Нұржан мен "Талантты жастар" хоры ашып берді. Ұлы ақынның шығармаларын Республикалық конкурстардың лауреаты Сәбит Шектібаев, ҚР Мәдениет саласының үздігі Ақмарал Ерімбетова сынды өнер майталмандарымен мектеп оқушылары орындады.
Ақынның ән мұрасы өзінің көркемдік құндылығымен заманауи ұлттық өнердің қайнар бұлағына айналды. Оның шығармаларын арқау етіп, қазақ композиторлары әр жанрда бірнеше туындылар жазды. Рухани кеште Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидың "Абай" операсын орындаған Мәдениет саласының үздігі Рамазан Ақтаев көрерменнің зор ықыласына бөленді. Ұлы ағартушының туындылары қанша уақыт өтсе де, сахнадан түскен емес. Абай жылының салтанатты ашылуы ерекше форматта өрбіді. Жүрекке жақын, көкірекке жылылық ұялатқан "Желсіз түнде жарық ай" өлеңін мерейтойға келген барлық ағайын қосыла шырқады.
Абай мұрасы - қазақтың қасиетті қазынасы. Мұның дәлелі аймақта жыл сайын қалалық және облыстық деңгейде "Абайды оқы, таңырқа" атты көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.