Ақтау қаласында орналасқан көңіл көтеретін орындар мен кафе, түнгі клубтардың жұмыс істеу уақыты шектелуі мүмкін. Бұл туралы қоғамдық тыңдауда Ақтау қалалық полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Қалдымұрат Айғарақов ұсыныс білдірді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Қоғамдық тыңдауға қала әкімінің орынбасары Тимур Садвақасов, жергілікті полиция мамандары, Қоғамдық кеңес мүшелері, қалалық мәслихат депутаттары мен кәсіпкерлер қатысты.
Ақтау қаласы полиция басқармасының мәліметіне қарасақ, 2019 жылы сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне 2588 қылмыстық іс тіркелген.
«Аталған қылмыстарды талдау нәтижесінде көңіл көтеретін орындардан 512 шақырту түсіп, 85 қылмыс дерегі тіркелген. Қылмыстық оқиғалар сағат 00:00 – 06:00 аралығында болған. Оның ішінде 16 дерек – ауыр қылмыстар санатына жатады», - деді Ақтау қалалық полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Қалдымұрат Айғарақов.
Осы ретте жергілікті полиция басқармасының мамандары қылмыстық оқиғалар мен қоғамдағы тәртіпсіздікті азайту мақсатында кафе, түнгі клубтардың жұмыс істеу уақытын шектеу керек екендігін айтты. Нақтыласақ, «үй астында орналасқан кафелерді сағат 23:00-ге дейін жұмыс істеуге, ал қала ішіндегі түнгі клубтар сағат 00:00-де жабылуы керек. Сондай-ақ бейнебақылауды күшейту, кафе күзеті арнайы құралдармен жабдықталу, көлік тұрағының болуы және ғимарат сырты дұрыс жарықтандырылуы қажет», - деген ұсынысты айтты. Алайда бұл ұсынысқа кәсіпкерлер келісім бермей отыр.
«Көңіл көтеретін орындар арқылы өз кәсібіміздің шығынын жауып, кіріс кіргізіп отырмыз. Егер кафе, клуб есігін ерте жабатын болсақ, бизнес ашу үшін алған несиені төлей алмауымыз да мүмкін», - дейді кәсіпкерлер.
Кәсібінің берекелі болуы үшін түн жарымға дейін жұмыс істеуді көздеген кәсіпкерлер жұрттың тыныштығын ұрлайтынын түсінбей отыр.
«Тұрғын үй астынан ашылған кафелерде тыныштық жоқ. Түн ішінде ұйқымыздан айырылдық. Қашан қарасаң да у-шу, музыка дауысы, одан бөлек жас қыздар мен жігіттердің боқтық сөздері терезеден естіледі. Балаларымыздан ұяламыз, кейде. Жалпы жертөледен жер алып, кафе ашуға кім рұқсат береді? Осыған бақылау жүргізетін адам бар ма? Мен – зейнеткер ардагермін, менен бөлек қаншама зейнеткер сол шағынауданда тұрады. Тыныштық керек, мұндай орындардың жұмыс істеу кестесін өзгерту керек», - деді қала тұрғыны Кемелхан Есболов.
Қорытындылай келе, қоғамдық тыңдауда «өгізді өлтірмейтіндей, арбаны сындырмайтындай» шешім әлі қабылданған жоқ. Алдағы уақытта жауапты мамандар жиында айтылған сөздерді сараптап, қоғамдық кеңес отырысында талқыға салады.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН