Мұнайлы ауданының Шоғы Мұңалұлы атындағы №5 орта мектебінде жетекші спортшылармен кездесу өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
«Каспий» кәсіпқой футбол клубы, джиу-джитсудан әлем чемпионы Әлия Тлепова мен қол күрестен Азия чемпионы Айжан Маймақова мектеп оқушыларымен кездесіп, өздерінің шеберліктерімен бөлісті.
Мектеп спорт залынан басталған шарада білім ордасының спорттың әр түрінен жүлделі оқушылар өз өнерлерін көрсетіп, қол күрес, гандбол, баскетболдан шеберлік сағатын өткізді. «Каспий» кәсіпқой футбол клубы өз біліктіліктерімен бөлісіп, мектеп мұғалімдерімен жолдастық кездесу өткізді.
Шара мектеп акт залында еркін форматтағы сұхбатқа ұласты. «Каспий» клубының бапкерлері мен әлемдік деңгейде ел намысын қорғап жүрген арулар өте қызықты сұхбат алаңын жасады.
Сұхбат барысында оқушылар келген қонақтарға көкейіндегі сұрақтарға тұшымды жауап пен келелі кеңестер алды.
- Оқушылармен кездесу ұйымдастырып, қонақ ретінде шақырған мектеп ұжымына рақмет. Жолымызды жалғайтын жастар біздің жетістікке қалай жеткеніміз туралы білгені өте дұрыс деп ойлаймын, - дейді ҚР спорт шебері, әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері, екі дүркін Азия чемпионы Айжан Маймақова.
Айта кетейік, Әлия Тлепова мен Айжан Маймақова осы мектептің түлектері.Сондай-ақ бұл мектепте 1100-ден аса оқушы спорт үйірмелеріне қатысып, салауатты өмір салтын қадағалайды.
- Кездесу өте керемет өтті, өте жақсы дайындалған.Спортшылардың барлығы икемді, мықты балалар екен. Осылардың арасынан талантты спортшылар шығады деген үміттеміз. Әрқашан тілекшіміз, - дейді «Каспий» клубының ойыншысы Жасұлан Әметұлы.
Спортты кеңінен насихаттайтын бұл мектептің шәкірттері әр спортшының жетістігіне құрметпен қарап, солардың жолымен жүруді құп көреді.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ