Маңғыстау облыстық еңбек инспекциясы басқармасы жүргізген тексеру барысында 772 еңбек құқық бұзушылығы анықталды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Шыңғыс Дүйсенов айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Айтуынша, еңбек құқық бұзушылықтың басым көпшілігі жалақы төлеу мерзімін сақтамау және еңбек демалыстарын беру мерзімдерін бұзу бойынша тіркеліп отыр. Биыл мемлекеттік еңбек инспекторлары 11 айда 405 тексеру жүргізген. Ал былтыр 779 өтініш негізінде 264 тексеру болған. Яғни өткен кезеңмен салыстырғанда бұзушылықтың 53 пайызға артқаны байқалады.
Жалақы төлеу мерзімін сақтамаудан 122 бұзушылық тіркелсе, еңбек демалыстарын беру мерзімін бұзу бойынша 32 бұзушылық анықталып отыр. Осы ретте 301 нұсқама беріліп, 121 әкімшілік айыппұл салынды. Сонымен қатар 18,1 млн теңге көлемінде 103 айыппұл мен 18 ескерту берілген.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суретті ұсынған Өңірлік коммуникациялар қызметі