Ұлттық комиссия отырысының қорытындысы бойынша Президенттік жастар кадр резервіне енген 300 жас анықталды. Соның ішінде 5-еуі – маңғыстаулық азамат, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Ақтық кезеңде үміткерлердің мемлекеттік қызметте, ұлттық компаниялар мен холдингтердегі жоғары лауазымдарға ұсынуға, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдарда, тіпті аудандық деңгейге дейін лауазымға орналасуға дайындық дәрежесі ескерілді. Сонымен қатар қатысушылардың жеке құзыреттерін бағалау қорытындылары бойынша адам ресурстары саласындағы сарапшылардың ұсынымдары, қатысушы таңдаған бағыт, инновациялық әлеует, түрлі жетістіктері бағаланды.
Үміткерлердің 57%-ы алдыңғы қатарлы шетелдік білімі бар азаматтар болса, қалған 43%-ы қазақстандық жоғары оқу орындарының түлегі. Іріктеу жеңімпаздарының орташа жасы – 31 жас.
Енді 2020 жылдың алғашқы тоқсанында Мемлекеттік қызмет істері агенттігі әрбір қатысушыны дамыту бойынша жеке жоспар құрады.
Қазіргі уақытта 300 жастың 221-і (74%) салалық топқа, 42 адам (14%) - басқару тобына және 37 адам (12%) - өңірлік топқа бөлінді. Кей жеңімпаздар жақын арада мемлекеттік лауазымдарға тағайындалуы мүмкін.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суретті ұсынған Маңғыстау облысының Мемлекеттік қызмет істері департаменті