©
Жаңалықтың, жақсылықтың бастауы – жаңа 2019 жыл құтты болсын! Жас та, кәрі де әрбір жаңа жылдан отбасы амандығын, мол қуаныш, құт-береке күтеді.
Ежелде бұл мерекені ата-бабаларымыз Алтай тауында, шыршалы орманның арасында өмір сүрген сонау көшпелі заманда «Шырша мерекесі» деп тойлаған екен. Сол кезеңдерде жер-судың иесі саналған қызыл шекпенді Үлкен есімді ақсақал шыршаны айналып, бұтақтарына шүберек байлап күннің ұзарғанына, жылдың жазға айналу маусымының басталғанына қуанып Тәңірге құлшылық ететін ырым болған. Бертін келе көршілес халықтар көшпелілердің сол мерекесін үлкен қуанышты күн – Жаңа жылға айналдырып, өздерінше тойлап жүр.
Көшпелі халқымыз жаңа жылды күн мен түннің теңелуіне тұс келетін – 22 наурыздан бастайтыны баршамызға белгілі. Тәуелсіздіктің тұғыры нығая түскен сайын төл мерекемізді өз заңдылығымен тойлап, күнтізбедегі жыл басын Амал тойынан бастап, Наурыз тойға ұластырар күн де келер деп сенеміз. Тәуелсіз Қазақ елінің ғұмыры мәңгілік болсын!
Көпті көрген көреген еліміз көш бастайтын көсем Елбасының арқасында Ұлы Даланың жеті қырын танып, туған жер – атамекеннің қадір-қасиетіне жете берсін!
Күні кеше аталып өткен Тәуелсіздігіміздің 27 жылдық ұлық мерекесіне жалғас келіп жеткен Жаңа жыл баршамызға құтты, жеңісті де жемісті жыл болғай!
Маңғыстау облысының әкімі Е.ТОҒЖАНОВ