Маңғыстау облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Jastarbooks» жобасы тұңғыш рет ұйымдастырылды. Мұнда Маңғыстауға белгілі 3 спикердің әрқайсысы «Сүйікті 3 кітабын» жастарға ұсынды.
Кеш басында сөз алған облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Досан Жеткізгенұлы алдағы уақытта жастар мағынасыз шаралар мен жасанды флешмобтар қысқаратынын айтты. "Біз "Jastarbooks" секілді жастарға тың, пайдалы, интелектуалды жобалар жасайтын боламыз", - дейді ол.
Маңғыстау облыстық мәслихат депутаты, «Forte Bank» филиалының директоры Аббат Өрісбаев күн сайын ұйықтар алдында қолына 1-2 сағат кітап алатынын айта келіп, жастарға өзі әкелген бірнеше құнды кітаптарды ұсынды. Соның бірі – белгілі дінтанушы, идеолог Шамиль Аляуатдиновтің «Финансы триллионера» деген кітабы.
- Бала күнімізде бізді ата-анамыз қатарымызбен бірдей болуды, қарапайымдылықты көбірек үйретті. Ақша, қаражат туралы кеңестерді айтпады десе де болады. Бұл да бір қазаққа тән тәрбие. Ал кітапта күллі мұсылман баласының қаржыға қатысты ұстанымы егжей-тегжейлі талданады. Онда автор діни тұрғыдан исламды берік ұстанған жан бай болуы керек пе, кәсіппен айналысқан қаншалықты дұрыс, мұсылманға несие алуға бола ма сияқты сұрақтарға жауап іздейді, - деді Аббат Өрісбаев.
Екінші спикер Маңғыстау облыстық Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Бауыржан Тұяқов жазушы Ғабит Мүсіреповтің "Кітап оқудан тыйылсақ, ойланудан да тыйылып қалар едік" деген сөзін басты ұран қылу керектігін айтады.
- Әйгілі жазушы Әзілхан Нұршайықов "Ақиқат пен Аңыз" кітабын оқуды ұсынамын. Мұнда Бауыржан Момышұлыдай батыр тұлғамыздың ел үшін атқарған жанкешті қызметтері туралы айтылады. Бауыржан атамыздың ғибратты сөздері мен тұшымды ойын оқи отырып, еріксіз риза боласың. Өмірлік ұстанымды қалыптастыру үшін, тарихи, мемуар, биографиялық кітаптарды оқуға кеңес берер едім, - дейді Бауыржан Тұяқов.
«Кітап оқисыз ба? Кітап оқымай-ақ өмір сүруге бола ма? Кітапты не үшін оқисыз?» «Timur Academy» оқу орталығының директоры, IT маманы Тимур Бектұр жастарға қарапайым болса да, шынайы жауапты талап ететін сұрақтар қойды. Ол әр қазақ Абайдың қара сөздерін қойын дәптердей жанында алып жүру керектігін айтады.
- Қазір бестселлер деп оқып жүрген, дүние жүзі мойындаған кітаптардың ішіндегі негізгі идеяның бәрі Абайдың қара сөздерінен артық емес. Бір ғана мысал, Абай қазақтың итше мал тауып, итше жұмсайтынын айтады. «Қаржыны қалай жұмсау керек» деген идеядағы кітаптардың негізгі айтар ойы осындай емес пе? Титімдей, жұқалтаң кітаптың ішінде бір ғасыр бұрынғы қазақ ұлты туралы әңгіме айтылса да, оның ойлары бүгінгі күнге дейін құнын жойған жоқ. Қазақ қандай болуы керек? Адамгершілік, ұстын, ар-намыс, білім, тәрбие, иман – осының бәріне жауапты Абайдан іздеу керек, - деген ойын бөлісті Тимур Бектұр.
Жастар ресурстық орталығы келген қатысушыларға нөмірі бар карточка таратып, жеребеден ұтқан 3 балаға керемет кітаптар сыйлады. Қазіргідей техника қарыштап дамыған тұста кітап оқуды насихаттаудың маңызы зор. Бұл жобаға сіз де қатыса аласыз, кітапсүйер оқырман!
Айгүл ДӘДЕН
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="52750,52751,52752,52754,52755,52756,52757,52758,52759,52761,52762,52763"]