©
Бұл туралы Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов Астана қаласында Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен сұхбат кезінде мәлімдеді.
"Маңғыстауда діни ахуал қандай?" деген журналистің сұрағына жауап берген облыс әкімі "бір сөзбен айтқанда, Маңғыстауда діни ахуал - қатты қадағалауда", - деп жауап берді.
"Өздеріңіз білесіздер, Маңғыстау облысы - Қазақстанда хиджабтың мәселесін шешкен бір ғана облыс. Оңай болған жоқ. Қатты қарсылық болды. Әсіресе, Жаңаөзен қаласында болды. "Баланың құқығын бұзасыңдар" деген әңгімелер айтылды. Баланың құқығы одан бұзылмайды. Баланың құқығы бетін жауып тастап, мемлекеттік Әнұранға тұруға болмайды деп сендірсе, миына мемлекетке қарсы ойларды енгізсе, денешынықтыру сабағына барғызбаса - бұзылады. Бұл - дін емес, тікелей саяси мәселе", - деп атап өтті Ералы Тоғжанов.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Дін саласын рейттейтін жаңа заңға қандай өзгерістер енгізілмек?
Облыс әкімі дін мен діннің шегінен шығатын мәселелерді айырып қарау керектігін айтты.
"Егер оқушы Мемлекеттік Әнұранға қарсы шықса, бұл - хиджабтың емес, басқа мақсаттарды көздегендердің мәселесі, саяси мәселе. Бұл мәселе үгіт-насихат жұмыстарымен ғана емес, сондай-ақ кәсіби имамдардың қатысуымен шешілуде. Оларға жағдай жасалып, пәтер беріліп, даярлау, қайта даярлау бойынша тереңдетілген курстардан өтуде. Дін - өте нәзік нәрсе", - деді Е. Тоғжанов.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Көрнекі сурет сайттың архивінен