©
Мұнай саласында оқытылатын мамандықтар саны қысқартылмақ. Бұл туралы Е.Тоғжанов Астанада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.
- Оқу ордаларында мұнай саласындағы мамандықтарды азайтамыз. Оның орнына, басқа саланың мамандықтарына гранттар бөлінеді. Мәселен, теңіз бағытын дамытуға байланысты мамандықтар өлкемізге қажет. Еліміздің әлеуетін көркету үшін Каспий теңізінің экономикалық маңызы зор, - деп атап өтті Е.Тоғжанов.
Өңір басшысы биыл оқу орындарында жаңа салаларға 50 грант бөлінгендігін жеткізді. Оның айтуынша, келесі жылы жаңа бағыттағы мамандықтар үшін 70 грант қарастырылған, оның 20-сы магистранттарға арналады.
Мұнай саласынан өзге де өлкемізді көркейтетін мамандықтар қажет-ақ. Бір ғана Жаңаөзенде 150 мың адам өмір сүреді. Соның 9000-ы мұнайда қызмет етеді. Жыл сайын Жаңаөзен қаласында 4000 бала дүниеге келеді. Сол себепті университетте, колледждерде жаңа мамандықтарды оқытуды қолға алу керек, - деді облыс әкімі Е.Тоғжанов.
Айгүл ДӘДЕН