2015 жылы республикалық «Өрлеу» АҚ-ның Маңғыстау облысы бойынша филиалы жанындағы педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының баспаханасынан ғалым жерлесіміз Нияз Тобыштың «IMAGE MAKING» («Ағылшын тіліндегі көмекші сөздер мен етістіктерге мысалдар жинағы») атты жаңа кітабы басылып шыққан болатын. Бұл кітапта ағылшын тіліндегі жеке және көмекші сөздер мен етістіктердің «дұрыс әлде бұрыс» түрлерін сөйлемдерде қалай пайдалану мысалдары көрсетілген. 2 томнан тұратын қалың кітапты парақтай отырып, осыншама қыруар еңбекті жасаған тілші ғалым, аудармашы Нияз Тобыш пен оның жұбайы әрі әріптесі Жұмагүл Пилтанға риза боласыз.
«IMAGE MAKING» кітабының Ақтау Мемлекеттік университетіндегі тұсаукесер рәсімінде сөйлеген сөзінде: «Атамекенімізден алыста жүрдік, қатты сағынатынбыз, аңсайтынбыз. Қазақтың қажетіне жарайтын іс жасасақ, ел игілігіне үлесімізді қоссақ деп ойлайтынбыз. Қадыр Мырза Әли ағамыздың: «Мұнан гөрі мықтырақ, бола алмадым, қайтейін...» деген сөзі бар. Сондай-ақ, мұнан да гөрі мықтырақ болуым керек еді, әзірге бар қолымнан келгені осы болды», - деген еді Нияз Тобыш.
Автор алдымен Иран елінен оралып жатқан жерлестерінің кирилл әрпімен сауатын ашу мақсатымен ғалым Ислам Жеменеймен бірге «Қазақ тілінің әліпбиін үйрету» деп аталатын оқулықты жарыққа шығарып, жерлестеріне таратты. «Ағылшынша-қазақша сөздік», «Ағылшын тілінің грамматикасы», «Ақбөбек» (Парсы тіліне аударылып, Иран Ислам Республикасында шыққан), «Қасиетті Әбіш қожа», «Тотынама» (Көне түркі-шағатай тілінен қазақшаланған), «Жаһан-нама» («Әлем кітабы». Парсы тілінен аударма), «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мешітінің құрылысы» (DVD. Парсы тілінен аударма), «Бес уақыт намаз», «Иран қазақтарының салт-дәсеүрлері» (Ирандық этнограф-ғалым Мансур Киаи. Парсы тілінен аударма), «Алтынды орда қонған жер» (Ыбырайым ахун Құлбайұлы), «Қазақша-парсыша-ағылшынша тілашар», Ж.Пилтанмен бірге), «Ағылшын тілін үйренуші қазақтарға тән қателіктер және оларды түзетудің жолдары» (Ж.Пилтанмен бірге), «Парсыша-қазақша сөздік» (Ж.Пилтанмен бірге), басқа да ел кәдесіне жарайтын кітапшалар мен дискілер де Нияз Тобыштың қаламынан шыққан еңбектер.
Ерлі-зайыпты ғалым-ұстаздардың көпжылдық ізденістері мен сөздік құрастырудың инемен құдық қазғандай қым-қуыт қиындықтары нәтижесінде туған «IMAGE MAKING» кітабы таза ағылшын тіліндегі екі томдық «Көмекші сөздер мен етістіктерге мысалдар жинағы» мұнан 3-4 ай бұрын Алматыдағы «Орхон» баспасынан шыққан болатын. Бұл екі томдықты дайындау барысында халықаралық деңгейдегі әйгілі сөздіктерді (Oxford, Longman, Webster …) және Иран мен Қазақстанда шыққан ағылшын тіліндегі оқулықтар пайдаланылды. Негізінде кітап ағылшын тілінен сабақ беретін, сонымен қатар ағылшын тілін үйренушілерге арналған еңбек. Екі томдық кітап шамамен 920 беттен тұрады, 35000 сөйлемі бар. Мысалы бір ғана “about” сөзіне 170 мысал жазылған.
Сонымен қатар осы «IMAGE MAKING»сөздігі мен үш тілдегі «Қазақша-Парсыша-Ағылшынша Тілашар» кітабын ҚР Ғылым және білім министрлігі қолдап, Қазақстанның барлық жоғары оқу орындарына таратылуы үшін Алматыдағы «Эверо» баспасы арқылы қазір көп тиражпен басылып жатыр.
«Қазақша - Парсыша – Ағылшынша» сөздік кітап үш тараудан тұрады: 1. Тілашар (түрлі 70 тақырыпты қамтиды), 2. Қазақша - ағылшынша - парсыша сөздік, 3. Ағылшынша - қазақша - парсыша сөздік. Жалпы алғанда 392 бет. Бұл еңбектің бір ерекшелігі: ағылшынша - парсыша сөздері, тіркестері мен сөйлемдерінің астында қазақтың қазіргі әліпбиімен (кириллицамен) оқылуы жазылған, негізінен қазақтарға арналған дүние. Біздің қазақ парсы (Иран) тілін сірә білмейді, ағылшын тілін де әлі біле қойған жоқ. Сондықтан Иранға немесе ағылшын тілінде сөйлейтін әлемнің кез-келген еліне сауда, емделу немесе қыдыру үшін баратын ағайындарға аудармашы қызметін жасай алады.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Бұқаралық ақпарат құралдары туралы ҚР ЗаңыЖақында «IMAGE MAKING» кітабының Иран елінде, Гүнбет-Қаус қаласында басылып шыққандығы жөнінде сүйінші хабар келді. «Алдымен киелі Маңғыстауда, институт баспаханасында басылып шыққан кітап енді шетелде қайта басылып жатыр. Кітабымыз Иранның білікті мамандарынан жоғары бағасын алды. Басып шығаруға рұқсат сұраған оларға келісімімді берген едім. Мен үшін бастысы қаншама жылдар тер төккен еңбегімнің жұрттың кәдесіне жарағаны», - дейді Нияз Тобыш.
Міне, мемлекет тарапынан берілетін ресми ғылыми атақ-дәрежесі болмаса да (егер кеңес елінде тұрған болса, ғылым кандидаты, докторы атақтарын алуы бек мүмкін еді.Е.І. ) ел игілігіне жарайтын осыншама дүниелерді жазып, туған халқына ұсынып жүрген жерлесіміз Нияз Тобыштың Қадыр-ақынның өлеңін алға тарта сөйлеуі бос мақтанды сүймейтін қарапайымдылығы деп түсіну керек. Туған халқының осал тұстарын толтырсам деген ізгі ниетпен талаптанып, үнемі ой үстінде жүретін жазушының әлі де бергенінен берері көп деп сенеміз.
Есберген ІҢІРБАЙҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі