©
Мұнайлы қала Жаңаөзенде өткен 2017 жылы жасалған жұмыстар аз емес, бірақ алдағы таңда өз кезегін күтіп тұрған мәселелер де жетерлік. Бұл жөнінде Жаңаөзен қаласы әкімінің тұрғындар алдында берген есебінде айтылды. Есептік кездесуге Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Серік Аманғалиев және облыс, қала активі, тұрғындар қатысты.
Өткен жылы қала бюджеті 14,1 млрд теңгені құрап, бюджет 100 %-ға орындалған. Соның ішінде, қаланы әлеуметтік-экономикалық дамыту аясында 1 млрд 254 млн теңге игеріліп, үш жоба іске асырылған. Атап айтар болсақ, «Арай» шағынауданындағы 320 орындық балабақша пайдалануға берілді, Еділ суын тәулігіне 30 мың текше метр ауыз су сапасына дейін дайындайтын су тазарту құрылғысы құрылыс-монтаждау жұмыстары жалғасуда және орталық қазандықты шағын Жылу электр орталығына ауыстыра отырып, қайта жаңғырту және кеңейту жобасы толық аяқталып, іске қосылған.
Қала мен іргелес Қызылсай, Теңге, Рахат ауылдарына су кестемен беріледі. Қалаға ауыз су «ҚазТрансОйл» АҚ-ның Еділ су құбыры арқылы және Түйесу, Сауысқан жер асты суы кен-орындарынан келіп отыр. Тәулігіне жалпы көлемі 27,5 мың текше метр су беріледі. Қазіргі таңда Жаңаөзен қаласында тәулігіне 30 мың текше метр суды тазартатын жаңа су тазарту имаратының құрылысы жүргізілуде. Нысан құрылысы осы жылы аяқталатын болады.
Әлеуметтік қамсыздандыру саласына 1 млрд 231 млн теңге әлеуметтік қорғау шараларына жұмсалған. Кедейлік шегінен төмен тұратын 39 мүжәлсіз отбасыға және 18 жасқа дейінгі 1181 балаға жәрдемақы, 98 отбасыға тұрғын-үй жәрдемақысы және мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту шараларын қамтыған.
Бүгінгі таңның өзекті мәселесіне айналған жұмыссыздық өткен жылы жасалған жұмыстардың арқасында 3%-дан 1,6 %-ға төмендеген. Жалпы 2017 жылы 4 424 жұмыс орны құрылған. Қала әкімі бұл проблема күн тәртібінде екенін жеткізді.
- Жұмыссыздық есебінде тіркелмеген тұрғындардың нақты санын анықтау мақсатында қала әкімдігі жанынан жұмысшы тобы құрылды, үйлерді аралау жұмыстары басталып кетті. Қазіргі таңда, тұрақты жұмыс жасамайтын 455 жанұя анықталды. Түгендеу осы жылдың 1-ші тоқсаны ішінде аяқталады, - деді Ә.Құлынтаев.
Барша жаңаөзендіктер үшін мұнай саласындағы шектеулі орын жетпейтіндіктен, шағын кәсіпкерлікті дамыту жұмысы жолға қойылып отыр. Осы бағытта қаламызда кәсіпкерлерді қолдау орталығы ашылып, кәсіппен айналысамын деген азаматтарға үлкен қолдау көрсетуде. Алдыңғы жылдың аяғында жаңаөзендіктерге 1%-дық несие беру жобасы іске қосылған болатын. Қазіргі таңда қала бойынша 8113 шағын кәсіпкер болса, онда жұмыспен қамтылғандардың саны 20 989 адам.
Тұрғын үй кезегінде 4 018 адам тұр. «Шаңырақ» шағынауданы № 43, 59 тұрғын үйлер апатты жағдайда деп танылып, осы үйлердің тұрғындарын уақытша көшіру мақсатында барлығы жалпы құны 632 млн 400 мың теңгеге 70 пәтер сатып алынған. Бюджет саласының қызметкерлерін баспанамен қамтамасыз ету мақсатында 180 пәтерлік жатақхананың құрылысын салу жоспарланған.
Маңғыстау өлкесі ауыл шаруашылығын дамытуға қолайсыз өңір болғандықтан, егін егу, мал өсіру проблемалары бар. Бірақ соңғы жылдары халықты жергілікті бау-бақша өнімдерімен, көкөністермен қамтамасыз ету мақсатында ауыл шаруашылығы саласына да көңіл шама-шарқынша бөлінуде. «Атамекен» ҰКП-мен мал, егінмен айналысам деген азаматтарға жолдарын көрсету, жер бөлу, жылыжай жұмысын жандандыру шаралары жасалуда.
Тағы оқыңыз: Ағыл-тегіл мұнайдың кезеңі өтіп кетті
Жолаушы тасымалдау мәселесінде «Газель» автокөліктерін кезең-кезеңімен автобустарға ауыстыру және санын көбейту жоспарланған. Бүгінгі таңда қалаға жеткізілген электробусты №3 қоғамдық көліктің бағытына қоспақшы.
Өткен жылы білім, мәдениет, спорт, медицина салаларына да қаржы бөлініп, мемлекет кемелденуі мен жаһанға ел атын шығаратын бұл негізгі салаларды дамыту, өркендету, жаңғырту бағытында көптеген жұмыстар атқарылған. Мысалы, қала бюджетінің басым бөлігі білім саласына жұмсалған, яғни жалпы бюджеттің 58,9%-ы. «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған бағдарламасы шеңберінде үш бірдей білім ошағы, яғни «Рауан», «Рахат», «Арай» шағынаудандарында 900 орындық мектептің құрылысы басталған. 2017 жылға 1 млрд 950 млн теңге жұмсалса, 2018 жылға 2 млрд 472 млн теңге бөлінген. Нысандар биыл аяқталады деген жоспарда. Қала әкімі өз баяндамасында қала бойынша қылмыстық құқық бұзушылық деңгейі төмендеп, нәтижесінде өткен жылы 1098 қылмыс тіркелгенін тілге тиек етті. Қылмыстың алдын-алу мақсатында 48 млн теңгеге 10 қызметтік автокөлік алынып, пайдалануға берілген.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасы бойынша 3 жобаның құжаттары дайындалуда.
- «Солнышко» балабақшасына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу;
- Жалымбетовтың оңалту орталығын жаңадан ашу;
- Бүйрек жеткіліксіздігімен ауыратын науқастарды емдеуге арналған «Гемодиализ» орталығын ашу. Осы орталыққа екі аппарат сатып алуға облыстық бюджеттен 37 млн теңге бөлініп, қажетті құрал-жабдықтар сатып алынған.
Жаңаөзен қаласы соңғы бес-алты жылдықта өңін өзгертіп, көгалданып жақсара түсті. Қаланың әдемі реңкін бұзбай, одан әрі көріктендіре түсуге әрине күніге тазалық, абаттандыру жұмыстары жасалады. Айтар болсақ, өткен жылы санитарлық тазалау жұмыстарына - 840 млн теңге жұмсалған. Бұл қаржыға коммуналдық саланы дамытуға қызметтік техникалар, қоқыс тасымалдайтын көліктер, қоқыс контейнерлері сатып алынып, гүл отырғызу, ағаш егу, жасыл алаңша төсеу, «Жаңаөзен» стелласынан қалаға дейінгі аралықтағы өсірілген көкжелектерге арналған темір қоршау орнату, «Кендірлі» аумағында ашық жағалау құрылысын салу жұмыстары атқарылған.
Жасалған жұмыстар мен алға қойылған міндеттер баяндалған соң облыс әкімінің орынбасары Серік Аманғалиев ұзаққа созылған су тазарту құрылысын тездетіп аяқтауды, орталық қазандықты толық жұмыс жасауға көшіруді қала әкімі Ә.Дауылбаевқа тапсырды. Сондай-ақ министрлікке ұсынылған әрбір жобаның мақұлданып, қажетті қаржыны тарттыру мәселесін қозғап, облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқарма басшысы Сапар Аманбеков пен экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысы Халила Нұрғалиеваның жауаптарын тыңдады.
Жиын соңында ортаға шығып ұсыныс-тілектерін жеткізген қала азаматтары әкімнің жұмысына оң бағасын беріп, Жаңаөзен қаласының 50 жылдық мерекесін ойдағыдай өткізу бағытындағы пікірлерін жеткізді.
Жазира АҚБЕРГЕНОВА