Облыс және қала әкімдерінің қатысуымен өткен есептік кездесуде 17ш/а 116 үй тұрғыны мәселесін айтты. Оның мәлімдеуінше, аталған үй тұрғындарының жылуысыз отырғанына биыл – төртінші жыл, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Жиынға келген 17ш/а тұрғыны жылудан бөлек облыстағы тасжолдар туралы да пікірін білдірді.
- Мен 17ш/а 116 үй тұрғынымын. Жылу беру маусымы басталды, ал біз төртінші жыл жылусыз отырмыз. "Green Plaza" ТҮК артында жылыту қазандығы бар, біздің үй осы жерге қосылған. Бірақ мәселе шешілер емес. Сондай-ақ менде облыс әкіміне де сауал бар. Тасжолда тыйым салынған салмақтағы жүк артқан ауыр көліктерді жиі байқап жүрмін. Бұл мәселені кім бақылауы тиіс? Халықтың ақшасына салынған жол ғой, уақытына жетпей жол сапасын құртып алмаймыз ба? Осы бағытта қандай да бір шара қолданылады ма?- деп сұрады кездесуге келген тұрғын.
Жылу мәселесіне қатысты қалалық әкімдік өкілдері жауап берді. Олардың айтуынша, қазір аталған қазандықта тексеру және қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізілуде.
- Ақтауда жылу жүйесі өзге қалалардан ерекше, бізде – ашық жүйе. Ыстық су мен жылу бір-біріне тығыз байланысты. Осыған қатысты мәселелер жиі туындап жатады. Қазір сіздің үй жалғанған қазандықта жылу қосылды. Бірақ бір мәселе бар –қазандық қысым көтере алмай жатыр. Қазір тексеріс жұмыстары жүргізілуде, нәтижесіне байланысты тиісті шаралар қабылданады,- деді қалалық әкімдік өкілдері.
Ал облыстағы тасжолдарға қатысты облыс әкім Нұрлан Ноғаев жауап берді.
- Сіз көтерген мәселе – расында да өзекті тақырып. Республикадағы облыстар арасында тасжолы сапалы алғашқы өңір – Маңғыстау. Біздегі жолдардың 95% – асфальт. Қазір елді мекендерге кірме жолдар, қала, аудан, ауыл ішіндегі жолдар да жүйелі түрде жасалуда. Ал артық салмақты тиеп, жол ережесін бұзатын көліктерді қадағалаумен – көліктік бақылау инспекциясы айналысады. Дегенмен бұл салада қажетті құралдардың жетіспеушілігінен жұмыстар тиісті деңгейде атқарылмай келген. Қазір облыстық мәслихат депутаттарының арқасында өлшеуіш құралдары бар, арнайы жабдықталған 2 көлік сатып алынды. Жыл соңына дейін осындай көліктердің тағы 2-ін сатып аламыз. Сондай-ақ тұрғындар жауапкершілікті ұғынуы тиіс. Сол жолдарда жүретін сіз бен біз. Осы себепті тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отыру – өте маңызды. Бұл тақырып ауыл, аудан, қала әкімдерімен өтетін кездесулерде де жиі талқыланады,- деді аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев.
Роза Әділханқызы