«Amanat» партиясының жанындағы экологиялық кеңесте құм көшкінін тоқтату мәселесі қаралды. Кеңес мүшедері орман өсіру жұмыстары, облыстағы жануарлар дүниесін қорғау және балық шаруашылығын дамыту мен Каспий биоалуантүрлілігін сақтау бойынша қызметтердің нәтижесін тыңдады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алдымен Бейнеу және Сам мемлекеттік орман мекемелерінің орман өсіру жұмыстары жайлы пікір тыңдалды. Бұл мекемеге қарасты шалғайдағы Маңғыстау ауданында Ұштаған, Шебір, Тұщықұдық және Қарақия ауданындағы Сенек ауылындағы құм көшкінінің алдын алу мақсатында жүргізіліп жатқан сексеуіл егу жұмыстарының нәтижесі туралы айтылды.
- Сенек құмының жағдайы мәз емес. Бір де бір сексеуіл тұқым байлап тұрған жоқ. Себебі егілген сексеуілдер суарылмаған. Егерден бұрын жерді жырту керек. Мамырда бір, жазда бір жаңбыр жауса өзі алып кетеді - деді сексеуіл егу жұмысына қатысты «AMANAT» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы қоғамдық экологиялық кеңес мүшесі, Маңғышлақ эксперименталды ботаникалық бағының бас директоры Ақжүніс Иманбаева.
- Бейнеудегі қыс қатты болған жылдары малдың қырылуынан сақтайтын осы тоғайлар. Кейбіреулер жайылымды тарылтады деп ойлайды. Керісінше жерді құнарландыратын әсері өте жоғары. Сексеуіл егуді әлі де күшейту керек. Өйткені құм көшкіні тоқтап қана қоймай, экологиямыздың жақсаруына мол мүмкіндік болады, - деді кеңес төрағасы Орынбасар Тоғжанов.
Кеңес мүшелері Маңғыстау ауданындағы орман шаруашылығы 300 шақырымнан астам қашықтықтағы Бейнеу ауданына бақылау өте қиын екенін айтады. Сондықтан ауданнан бөлек мекеме ашу туралы ұсыныс білдірді. Сонымен қатар сексеуіл тез шығу үшін тұқыммен емес, көшеттерін алып отырғызу керек екенін айтып отыр.