2024 жылдың қыркүйегіне дейін 18 және 19а шағын аудандарында 1200 орындық 2 мектептің құрылысын аяқтау жоспарлануда. Сонымен қатар, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 8 білім нысаны салынады. Бұл туралы Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен өткен халық алдындағы есеп беру кездесуінде айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
8 мектеп 10 600 оқушыға есептелген. Оның 6-ы 2024 жылы пайдалануға берілсе, қалған 2 нысан 2025 жылы аяқталады деп жоспарлануда.
– Биыл «Жайлы мектеп» жобасы аясында 6 мектептің құрылысы басталды. Олар мына мекен-жайлар бойынша орналасқан: 33- шағын аудан (1200 орындық), Рауан елді-мекені (300 орындық), 16-шағын аудан (1500 орындық), 17-шағын аудан (900 орындық), 20-шағын аудан (1500 орындық) және 19-шағын аудан (1200 орынға). 2024 жылы 4000 орындық 2 мектеп салу жоспарлануда, оның ішінде 38 және 39 шағын аудандарда әрқайсысы 2000 орындық мектептер. Бұл мектептердің құрылысына тапсырыс беруші «Самұрық-Қазына құрылыс» АҚ», - деді қала әкімі.