©
Қасиетті Рамазан айында бес парыздың бірі – Алла Тағала разылығы үшін ауыз бекітіп, Ораза ұстаған жандарға қалалық «Бекет ата» мешітінде ауызашар берілді. Жан-дүниесін жаңартуға, ой-санасын бір сілкінтіп, пәс, арам дүниелерден арылуға, Аллаға бір табан жақындауға ниет еткен жамағатқа арнап мешіт залында ақ дастархан жайылды. Ауыз ашып, дұға оқып, тілек тілеген жандар мол дастарханнан дәм татты. Сонымен қатар, БАҚ өкілдері арнайы шақыртылып, дін жанашырлары құрметтелді. Бұл мешіт қабырғасында ұйымдастырылып жатқан төртінші ауызашар. Жыл сайын арқауы үзілмеген дәстүр биыл да жалғасын табуда. Келелі басқосуда көрген-білгені мол, көңілге түйгені зор наиб-имамдар әсерлі уағыздарымен жамағат алғысына кенелді. Қалалық «Бекет ата» мешітінің бас имамы Дүйсен қажы Хасниязов уағыз оқып, бата жасады.
«Оразаның әрбір күніне Алла Тағала шексіз сауаптар береді. Сондықтан таңның атысы күннің батысы ұсталатын оразамызды Алла қабыл қылсын деп тілейміз. Бұл айда барлық нәрсе кешіріледі, амалдың есесі Алладан қайтады. Сондықтан нығметке шүкірлік қылуымыз керек. Нығмет деген жеті мүшеміздің саулығы. Алла бізге ораза ұстауды нәсіп етті. Алла Тағала «кімде-кім маған шүкір қылатын болса, мен еселеп бере беремін» дейді. Соны естен шығармайық»,-деді қалалық «Бекет ата» мешітінің бас имамы Дүйсен қажы Хасниязов.Голрох Жеменей