Биыл Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының “Жастар тағылымдамасы” жобасын «Түпқараған жастары» жастар қоғамдық бірлестігі іске асырды. Соның нәтижесінбе маңғыстаулық жастар шетелдегі, елдегі 30-дан аса ұйымның жұмысымен танысты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Аталған жобаға 58 өтінім түсіп, конкурстық комиссияға 30 өтінім жолданды. Конкурстық комиссиясының қорытындысы бойынша 15 жас тағылымдамаға жолданды.
Осылайша жеңімпаз жастардың алғашқы легі Түркия мемлекетінің Ыстамбұл мен Анкара қаласына, бір топ жас Әзербайжан елінің Баку қаласына барды. Сордай-ақ тағы бір топ жас Алматы қаласына тәжірибе алмасты.
Әрбір тағылымдама бойынша жеке-жеке бағдарламалар жасақталды. Жастар тағылымдама барысында шетелдік және отандық қоғамдық ұйымдарға барып, ұйымдардың жұмыстарымен танысты. Ұйымдардың жобаларымен танысып қана қоймай, жеңімпаз жастар ұйым мүшелерімен серіктестік орнатуға тырысты.
- 2024 жылы Маңғыстауға 100 жылдан астам тарихы бар Қызыл ай ұйымының Стамбул өкілдігі келуді жоспарлап отыр. Ұйым Маңғыстау облысының волонтер жастарына алғашқы медициналық көмек көрсету, табиғи апат кезінде зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету мақсатында оқыту өткізбек. Осы ретте біз жастар басқармасымен бірлесе аталған оқытуды ұйымдастырып, өңірдегі волонтерлік ұйымдардың дамуына, волонтерлердің біліктілігін арттыруға септігімізді тигіземіз. Келесі жылы Алматы қаласында Әзербайжан мен Қазақстан жастарының ортақ форумы өтеді. Сол форумға өңірдің белсенді жастары шақырту алды. Бұл арқылы екі ел арасындағы байланысты одан әрмен дамытамыз, - дейді «Түпқараған жастары» жастар қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Наурызбек Мағдатов.
Оған қоса Алматы қаласы бойынша Халықаралық донорлармен жоба жасайтын ұйымбардың мамандары өңірдегі жастар ұйымдарына халықаралық жобаларға өтінім толтыру бойынша кеңесін береді. Осы арқылы өңірдегі жастар ұйымдарының халықаралық донорларға қатысуына мүмкіндік береміз.
Бұл «Түпқараған жастары» жастар қоғамдық бірлестігінің аз уақытта жеткен нәтижесі. Жалпы жобаның мақсаты - өңірдегі жастардың тағылымдамаға қатысуын ұйымдастыру арқылы олардың кәсіби құзыреттерін дамыту, жаңа жас көшбасшыларды анықтау.