Кешеден бері қала тұрғындары Ақтау әкімдігінің Тәуелсіздік монументін салу туралы бастамасын қызу талқылап жатыр. Сауалнама @aktau_akimat Instagram парақшасында жарияланды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Тәуелсіздік ескерткішін орналастыру үшін әкімдік екі орынды ұсынған. Бірі «I Love Aktau» жазуының жанындағы жағалау болса, енді бірі 20 шағынауданда салынып жатқан жаңа саябақ.
Архитектор Олжас Демесін Тәуелсіздік ескерткішінің жалпы сипаттамасын жариялады. Оның айтуынша, ескерткіштің жалпы аумағы - 2000 ш/метр. Комплекстің қақ ортасына биік (жобасы сегізұшты фигурада) стелла орналасады. Стелланың астыңғы постаменті Қордай гранитімен апталып, жоғарғы негізгі бөлігі ақ мәрмар таспен әрленеді.⠀
"Стелла төбесіне биіктігі - 4 метр, қолына бақ құсын қондырған ежелгі Сақ жауынгері- Алтын адам бейнеленеді. Стелланың жалпы формасы сегізұшты жұлдыз - ол таным түсінігіміздің Ислам әлемімен ұштасқандығын білдіріп тұрмақ. Стелланың жалпы табанынан бастап ұшар басына дейінгі биіктігі - 21 метр. Стелланың белдеуіне "Түн ұйықтамадым, күндіз отырмадым"-деген бабаларымыздан қалған қанатты сөз алтын әріппен ойып жазылады. Кешеннің екі жағына биіктігі 5 метрдей, көлемі 12 метрдей тақта тас - Тарихи Таным Тақтасы жобаланған”, - делінген әкімдіктің инстаграм парақшасында
Әзірге азаматтардың пікірі екіге жарылғанымен, көпшілік қаланың өзекті мәселелері – сумен қамту, абаттандыру, көшелерді жарықтандыру, оларды шешуге қаржы бөлінгенін сұрап отыр.
Ал Ақтау әкімдігі сауалнаманың қанша уақытқа созылатынын әлі өз парақшасында жариялаған жоқ.