7 қазан күні Нұрлан Ноғаев Арменияның Қазақстандағы елшісі Армен Гевондянмен кездесті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесуге Арменияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Армен Гевондян мен «Ехпайрутюн» армян этно-мәдени бірлестігінің төрағасы Айрапет Курдоглян қатысты.
Басқосуда екі тарап пікір алмасып, сауда-экономикалық қатынастарды нығайту мүмкіндіктерін қарастырды. Армения мен Қазақстан арасындағы мәдени жобаларды іске асыру жайы да талқыланды.
Аймақ басшысы Маңғыстау облысының өзара тиімді және жемісті ынтымақтастыққа дайын екенін, кез келген ұсыныстар мен бизнес идеяларға ашық екенін атап өтті.
- Құрметті Армен Вачикович!
Сіздерді Маңғыстау жерінде қарсы алғанымызға қуаныштымыз. Армения бізге жақын мемлекет. Біздің елдеріміздің қарым-қатынасы ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлерге негізделген. Әрине, біз ынтымақтастықтың бір орында тұрмай, жаңа мазмұнмен толығуына мүдделіміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өз жолдауында да мұны атап өтті. Біздің міндетіміз, ол – саяси тұрақтылық, азаматтарымыздың қоғамдық келісімі. Сонымен қатар, еліміздің әрбір азаматының әл-ауқатын арттыру, – деді Нұрлан Ноғаев.
Бүгінгі таңда Маңғыстауда әр түрлі экономикалық салаба бірлескен 5 кәсіпорын тіркелген.
– Сапардың басты мақсаты – жаһандық экономикада байқалған соңғы өзгерістер аясында серіктестікті одан ары нығайту, жаңа мүмкіндіктерді қарастыру. Аймаққа тән әлеуетті пайдалануда - екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастығымыз үшін көптеген мүмкіндіктер бар, - деді Армен Гевондян.