7 қазан күні «Маңғыстау арена» спорт кешенінде спорттық және жауынгерлік самбо күресінен ерлер мен әйелдер арасындағы ашық Азия Кубогының ашылу салтанаты өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Салтанатты шараға халықаралық дәрежедегі спорт шарасына Өзбекстан мемлекетінен келген, самбодан Азия федерациясының президенті – Муллаев Аламжон, Азия төрешілер алқасының төрағасы – Адилов Ислом, Қырғызстан мемлекетінен жарыстың бас төрешісі – Ларенов Александр, жарыстың бас хатшысы – Туменов Муфтулла сынды құрметті қонақтар қатысты.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев спорт жанашырларын, аймақ тұрғындарын дүбірлі доданың басталуымен құттықтап, спортшыларға сәттілік тіледі.
-Самбо күресінен ерлер мен әйелдер арасында өтетін ашық Азия Кубогының басталуымен құттықтаймын! Дүбірлі додада бақ сынайтын барлық спортшыға, келген қонақтарға Маңғыстау өңіріне қош келдіңіздер деймін. Спортшылар да, көрермендер де көңіл сергітіп, осы күндері керемет әсер алуға тілектеспін.
Жарыс жоғары дәрежеде өтеді деген үміттемін. Мемлекет басшысының тапсырмасымен бұқаралық спортты дамытуға жергілікті атқарушы органдарға үнемі тапсырма берілуде. Осы тапсырмалардың орындалу нәтижесі ретінде аймақта спорт нысандары жаңадан бой көтеріліп, заманауи жөндеуден өтіп, спортпен айлысамын деушілерге жағдай жасалынып келеді. Осындай жұмыстардың арқасында қазақстандық спортшылар үлкен жетістіктерге жетуде. Маңғыстау облысында да осы үрдіс жарасымды жалғасын табуда. Бұқаралық спортты қолдау одан әрі қарай да жалғаса бермек, - деген аймақ басшысы облыста спорттың бұл түрінің қарқынды дамып келе жатқанын да ерекше атап өтті.
Аталған шара 10 қазанға дейін жалғасады. Оған әлемнің 13 елінен 200 ден астам спортшы қатысып жатыр.
Алғашқы күні жеңіске жеткендер 50 келі салмақтағы қазақстандық Айжан Жылқыбаева, 58 келіде Ерлан Оңалов марапатталды. 80 келіде Гүлсім Қазанова мен 98 келі салмақ дәрежесінде Еркебұлан Егінбаев та алтыннан алқа тақты.
Айта кетейік, самбо күресі Маңғыстау облысында 2014 жылдан бастап қарқынды дами бастады. Сонымен қатар Ақтау және Жаңаөзен қаласынан бөлек аудандарда бөлімшелер ашылып, қазіргі таңда самбо күресімен тұрақты шұғылданатын спортшылардың саны 600-ге жетіп отыр. Оның ішінде 7 спортшы халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 45 спортшы Қазақстан Республикасының спорт шебері, 300 спортшы спорт шеберіне үміткер, 420 спортшы -І,ІІ,ІІІ разрядты спортшы, 60 адам спорт төрешісі санаты атақтарына ие.