Маңғыстау облысының суретшілері үшін өтіп жатқан шеберлік сағаттары бүгін Каспий теңізінің жағалауында жалғасты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Оған кәсіби суретшілермен қатар, әуесқой суретшілер де қатысуға мүмкіндік алды. Шеберлік сағатын ҚР суретшілер одағының мүшесі Әсемқұл Бейбіт абстракция бойынша қамшымен сурет салу арқылы өткізді. Келушілерге бұл өнердің шығу тарихын айтып, мәнін түсіндірді.
-Бұл шаралар “Ақтау қалалық суретшілер одағы” мен Маңғыстау облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен, “Жеті түс” жобасы аясында жүзеге асуда. Мақсат - аймақтағы бейнелеу өнерін дамыту, тәжірибе алмасу, қылқалам шеберлерінің біліктілігін арттыру, - дейді суретші әрі ұйымдастырушылардың бірі Тынышбек Балтабаев.
Оның айтуынша, аймақта мұндай шараларды өткізу пандемия салдарынан біраз уақытқа тоқтап қалып, биылдан бастап қайта жанданды. Жыл басынан бері облыс суретшілеріне бес шеберлік сабағы ұйымдастырылған.