Маңғыстау облысында «Ұстаздар күні» мерекесіне орай 26-30 қыркүйек аралығында бірнеше шара өтеді. Бұл туралы mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме бере отырып хабарлайды.
Маңғыстау облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айжақсы Тұржанованың айтуынша, 22-қыркүйек Ұлттың ұлы ұстазы, қазақтың алғашқы әліппесін жасаған А.Байтұрсыновтың 150 жылдығына орай «Қазақ тілі мен әдебиеті пән мұғалімдерінің: оқыту мәселері және жаңа көзқарас» тақырыбында форум өтті. Ал 27-қыркүйек «Ұстазым бар сенің қасиетің...» шарасы аясында облыс әкімі Нұрлан Ноғаев облыстағы ардагер ұстаздармен кездесті.
- 30 қыркүйек облыстық «Ұстазыма ыстық ықыласпен» атты салтанатты шара өтеді. Онда ұлағатты ұстаздарды марапаттап, жылы лебіздерімізді айтып, жетістіктерін көрсетеміз. Бұл жас мамандарға үлгі болады деп сенемін. Мұғалімдерге қоғамның дамуына, оқушылардың білім нәрімен сусындауына, білім саласына біліктілігін қосқан үлестері үшін алғыс айтқымыз келеді, - деді Айжақсы Тұржанова.
Сондай-ақ, мерекеге орай жоғарғы сынып оқушылары төменгі сыныптарға сабақ береді. Биылғы жылдан бастап бұл күннің атауы «Дублер күні» болмақ.
Спикердің айтуынша, онда бітіруші сыныптар мұғалімнің рөлін сомдап, ұстаздың бар қызығы мен қиыншылығын басынан өткізеді. Бұл арқылы әрбір адамға жарық сілтеген жандардың маңызды орнын түсініп, оқушылар ағартушылық және мұғалімдік жолды таңдауға деген қызығушылығы оянады.