Бейнеу аудандық ішкі істер бөлімінің патрульдік полиция ротасы қызметкерлері «Лада» автокөлігін тексеру барысында жүргізушінің көлікті мас күйінде басқарғанын анықтады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz өңірдің жол полициясына сілтеме жасап.
32 жастағы азамат бұрын әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бейнеу аудандық сотының қаулысымен жүргізуші Қазақстан Республикасы Әкімшілік кодексінің 608-бабының 1-бөлігімен 3 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айырылғаны анықталды.
Көлік жүргізуге құқығы жоқ жүргізуші мас күйінде рөлге отырған. Оған қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 346-бабы (Көлiк құралдарын басқару құқығынан айырылуы және алкогольдi немесе есiрткi қолданып масаң күйде көлiк құралын басқаруы) бойынша сотқа дейінгі тергеу қозғалды.
Тергеу мүддесіне қатысты басқа мәліметтер жарияланбайды.