1-қыркүйектен бастап пилоттық режимде отбасының «Цифрлық картасын» енгізу
басталды. Бұл - мемлекеттік қолдаудың қандай да бір түрін алу құқықтары туралы ақпарат беретін халықтың күн сайынғы «Электрондық жаршысы», деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасай отырып.
Маңғыстау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсет Шопановтың айтуынша, қазірдің өзінде цифрлық картада шамамен 6 млн. отбасы және 19 млн. оның мүшелері туралы деректер қамтылған, сондай-ақ «Отбасы портреті» деп аталатын деректер қалыптастырылған.
-Карта деректері отбасы және оның мүшелері мәртебесінің өзгеруіне қарай жаңартылып отырады. Мемлекеттік қолдау шараларын алу құқығы белгіленген жағдайда мемлекеттік қызмет көрсетуге келісім алу үшін әлеуетті алушыға СМС-хабарлама жіберіледі. Келісім алғаннан кейін – әлеуметтік жәрдемақы, төлемдер немесе мемлекеттік қолдаудың басқа түрлері тағайындалып, кейін алушының банк шотына аударылады,-деді Әсет Шопанов.
Ол бастапқы кезеңде мемлекеттік органдардағы ақпараттық жүйелердің деректері негізінде отбасылардың әл-ауқат деңгейі мен оларға тиісті мемлекеттік қолдау шараларын айқындау бойынша жұмыс жүргізілгенін атап өтті.
Жоба кезең-кезеңмен жүзеге асырылады:
− 2022 жылдың 1 қыркүйегінен бастап – жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдердің 9 түрі бойынша жаңа форматта қызмет алу мүмкіндігі ұсынылды;
− 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап тізбе әлеуметтік қорғау саласындағы қызметтермен кеңейтілетін болады;
− 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы мемлекеттік кепілдіктер енгізілетін болады;
− 2025 жылдан бастап мемлекеттік кепілдіктердің барлық түрлері қамтылатын болады.