Маңғыстау облысының прокуроры Руфат Құттықов іссапармен Түпқараған ауданына арнайы барып, бірнеше кездесу өткізді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Алдымен, облыстың бас прокуроры Түпқараған ауданы прокуратурасының ғимаратымен танысып, қызметкерлермен тілдесті. Кейін аудан активі, мемлекеттік органдардың басшылық құрамы атқарылатын жұмыстар бойынша кездесіп, мәселелерге тоқталды.
Облыс прокуроры іссапар барысында аудандық ардагерлер үйіне барып, ақсақалдармен жолықты. Ардагерлердің көтерген мәселелері бойынша ол өз бақылауына алатындығын жеткізді. Кездесуде еңбек дауларының алдын алу, қылмыстарды азайтуға жұмыстану шаралары сөз болды.
Іс сапар соңында ардагерлермен кездесуде көтерілген мәселе бойынша Баутин ауылына қарасты Аташ елді мекеніндегі теңіз жағалауына барды. Облыс прокуроры осы елді мекенге қатысты тұрғындар көтеріп жүрген мәселе күн тәртібінде болатындығын айтып, табиғатты қорғау прокуратурасының жауапты мамандарына тапсырма берді.