Маңғыстау облысының табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы Жандос Салимов пәтер иелері үшін электр энергиясының қаншалықты қымбаттайтынын түсіндірді. Оның айтуынша, халық үшін жаңа тариф қолданыстағыдан сәл жоғары болады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
-Жаңа тарифтің бағасы қаншалықты қымбаттайтынын келесі мысалдармен қарастыруға болады. Егер бұрын бір бөлмелі пәтердің меншік иесі өзінің электр энергиясын тұтыну көлемі үшін айына 1915 теңге төлесе, енді ол шамамен 2055 теңге төлейтін болады. Ал екі бөлмелі пәтер иелері бұрын 2700 теңге төлейтін болса, енді бұл сома шамамен 2900 теңгеге дейін өседі. Үш бөлмелі пәтер иесі үшін тариф 4700 теңгеден 5000 теңгеге дейін өседі. Яғни ақшалай келгенде бұл аса үлкен сома емес, - дейді Жандос Салимов.
Жалпы Ақтау және Мұнайлы ауданының тұрғындары үшін электр энергиясының тарифі 9%, яғни 17,88 теңгеден 19,49 теңгеге дейін өсті. Өсім Маңғыстау облысының басқа елді мекендеріне де әсер етті. Тарифтің өсуі - тауарлық газдың қымбаттауы мен электр энергиясын өндіруге қажетті материалдар бағасының көтерілуіне байланысты болып отыр. Сол себепті энергия тасымалдаушы компаниялар қиын жағдайға тап болып, тарифтерді көтеру туралы өтінішпен табиғи монополияларды реттеу департаментіне жүгінуге мәжбүр болды. Сонымен қатар, тұтынушылардың «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС 10 млрд теңгеге жуық қарызы жағдайды одан сайын қиындатып отыр.