Жыл сайын өтетін “Парасатты полицей” байқауы Ақмола облысының Көкшетау қаласында өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Елдің әр өңірінен келген түрлі ұлт өкілдерінен құралған 85 полиция қызметкері қатысты. Сайыс барысында 17 команда өз ойын мемлекеттік тілде дұрыс жеткізе білу, түрлі шығармашылық тапсырмаларды орындауда тапқырлық танытудан сынға түсті.
Қазылар алқасы “Таңыстыру сайысы” және “Адал қызмет – басты міндет” атты екі сайыс кезеңінің қорытындысы бойынша жеңімпаздарды анықтады. Маңғыстау облысының намысын қорғаған тәртіп сақшыларының “Айбынды Ақтау” командасы жүлделі үшінші орынға ие болды. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен дипломдар табыс етілді.
Марапаттарды салтанатты түрде табыстамас бұрын, байқауға қатысушылар мен Ақмола облысы Полиция департаментінің басшылығы қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан полиция қызметкерлерінің мемориалына гүл шоқтарын қойды.